×

Қазақстанда 14,5 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Қазір елімізде ШЖК пайдаланатын 1 мың 529 жұмыс беруші бар

 Динара Амантай 30.10.2023 | 10:00
Фото: gov.kz

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 мың 534 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:

  • басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 515 рұқсат (бірінші санат);
  • құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 мың 717 рұқсат (екінші санат).

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 6 мың 332 және 680 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 мың 897 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 мың 393 адам тартылды.

Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 мың 529 жұмыс беруші бар. Оларда 471,7 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96,9%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер:

  • құрылыс саласында – 4 мың 887 адам (34,5%);
  • ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 мың 637 адам (11,5%);
  • тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 1 мың 360 адам (9,6%);
  • өңдеу өнеркәсібінде – 1 мың 219 адам (8,3%);
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 896 адам (6,3%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

  • Қытай – 3 мың 944 адам (27,8%);
  • Өзбекстан – 1 мың 714 адам (12,1%);
  • Үндістан – 1 мың 326 адам (9,3%);
  • Түркия – 1 мың 288 адам (9,1%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 мың 260 мөлшерінде белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама