×

Баспана, несиелерді өтеу, баларды оқыту – барлығымен қамтамасыз етеміз — премьер-министр

Әлихан Смайлов зардап шеккен кеншілердің жағдайын білді

 Динара Амантай 28.10.2023 | 18:00
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алып жатыр. Пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді. Олардың көбі газбен уланған, алайда барлығының жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін, — деді Әлихан Смайылов.

Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.

Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз, — деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама