×

Қайрат Боранбаевтың туысы 4,5 жылға сотталды

Әбілхан Боранбаев лауазымды қызметкерге 1,6 млн теңгеден астам пара берген

 Халық үні 26.10.2023 | 10:30
Фото: Halyq Uni

Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың інісі Әбілхан Боранбаев 4,5 жылға сотталды. Ол тергеумен процестік келісімге келген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оған қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.

Іс бойынша екінші айыпталушы – Дәурен Қазбек. Ол лауазымды қызметкер бола тұра пара алу фактісі бойынша сотқа тартылды.

2023 жылдың 19 қазанында қылмыстық істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов қарады.

Сотта Боранбаев аға жедел уәкілі Дәурен Қазбек пен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам пара бергені анықталды.

Қазбек және Ш. адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, қамауға алынған Боранбаевқа мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктерді қолдану арқылы тойлау үшін басқа адамдармен байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген.

Прокурор Боранбаевты 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушыға Қазбекті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап екі сотталушыға айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сот Әбілхан Боранбаевтың 4 жас баласының болуын, кінәсін мойындауын, өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Дәурен Қазбектің 3 жас баласының болуын, кінәсін мойындауын және өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды, - делінген Астана соты таратқан ақпаратта.

Сот үкімімен Әбілхан Боранбаев мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Дәурен Қазбек мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылға сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама