×

Үржар ауданында ақын Дәурен Берікқажыұлының шығармашылық кеші өтеді

Кеш барысында ақынның «Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» атты кітабының таныстырылымы болады

 Халық үні 24.10.2023 | 11:52
фото: facebook.com/dkb74

27 қазанда сағат 15:00-де Абай облысы Үржар аудандық мәдениет үйінде ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәурен Берікқажыұлының «Мен сені сағындым ғой, бала Дәурен!» атты шығармашылық кеші өтеді.

Кешке әнші, актер Қадырғали Көбентай, белгілі телережиссер, вокалды-инструменталды «Айгүл» ансамблінің бұрынғы әншісі Қарлығаш Мұртазинамен қатар ақынның Астана мен Алматы, Қарағанды мен Семейдегі ақын һәм журналист достары қатысады деп жоспарланып отыр.

Кеш барысында Дәурен Берікқажыұлының «Атамұра» корпорациясының (президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед мырза) демеушілігімен жарық көрген «Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» атты кітабының таныстырылымы болып, ақынның әр жылдары жарық көрген өлең жинақтары сатылады.

Бұл – келер жылы 50 жас мерейтойын атап өткелі отырған шайырдың туған топырағында өткелі отырған тұңғыш кеші.

Дәурен Берікқажыұлы бұл уақытқа дейін он өлеңдер жинағын шығарып, ағылшын тілінен тікелей «Көліктер-2» анимациялық туындысы мен Харуки Муракамидің «Норвег орманы», Кристин Ханнаның «Бұлбұл» және Николас Спаркстың «Күнделік» атты романдарын аударған. 2022 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды.

Дәурен Берікқажыұлы 1974 жылы 15 мамырда Семей облысы, Мақаншы ауданы, Қарабұта ауылында (қазіргі Абай облысы) дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетінің (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) түлегі. 

Ақынның өлеңдері 1994 жылдан бастап республикалық газетжурналдарда жарияланып келеді. Шығармалары 2000 жылы жарық көрген «Сборник. Избранное» («Қазақ университеті»), «Жас ақындар жырларының антологиясы» («Өлке») жинақтарына енген. 1996 жылы жарық көрген «Оттегім менің, от демім менің – жырларым» («Жазушы») және 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан «Ante merіdіem» жыр жинақтарының авторы. 2008 жылы «Гүл мен қылыш жырлары» атты жинағы жарық көрген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама