×

«Дүкеннен нан алмайтын болдық». Эльдар Жұмағазиев депутаттарға көпбалалы отбасылардың мұңын жеткізді

Қымбатшылық қарапайым халықтың жанына қатты батып жатыр

 Дәурен Ерболат 20.10.2023 | 12:53
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Мәжілісте парламенттік тыңдау өтіп, халықтың шамадан тыс кредит алуы, қаржылық сауаттылығы талқыға салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Бүгінде 52 мың адамды оқыттық. Биылғы индикатив – 60 мың адамды оқыту. Әлеуметтік профильге тоқталайын. Жобаға қатысқандардың 1 пайызы – әйелдер, 56,9 пайызы – көпбалалы отбасылар, 10,7 пайызы – жұмыссыздар, 13 пайызы – 60-тан асқан зейнеткерлер, - деді ол.

Хатшы жобаға қатысқандар арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін атап өтті.

«Онда олар несиені неге алғанын айтты. Деректерге сүйенсек, көпбалалы отбасылар кредитті балаларды киіндіруге алатынын білдік. 1 қыркүйек жақындағанда олар көп шығынданады.

Олар мешіттер, партия, әкімдік көмектесетінін, бірақ бұл көмек жетпейтінін айттады. Бала көп, қыстық киім алу керек және тағы басқа мәселелер бар.

Олар қыс жақындағанда жаппай көмір алады. Ондай тәжірибе бар. Балалардың саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі дейді. Үйдің жанынан тағы бір бөлме салу үшін және тағы басқа мақсатта несие алады екен. Сондай-ақ техника алу, той өткізу және тағы басқа шығындары бар», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Сондай-ақ партия өкілі азық-түлік бағасы шарықтап бара жатқанына жеке тоқталды.

Олар отбасын асырау қиындап кеткенін айтып, «Біз дүкеннен нан алмаймыз» дейді. Айына 4-5 қап ұн алады екен. Қазіргі қымбатшылық олардың жанына қатты батып жатыр. Бұл отбасылар күніне 10 дана нан басамыз дейді. Сөйтіп балаларын асырап отырғанын айтады. Қазіргі мектептегі балаларды тегін тамақтандыру осы отбасыларға үлкен қолғабыс болып отыр, - деді AMANAT партиясының хатшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама