×

Банк алдындағы қарызын қайтара алмай жүрген қазақстандықтар саны күрт көбейген

Бүгінде олардың қарызы 98 млрд теңгеге жеткен

 Дәурен Ерболат 20.10.2023 | 11:29
көрнекі фото: Halyq Uni

2021 жылдан бастап проблемалық несиесі бар қазақстандықтардың саны өсіп жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттік басшысының айтуынша, еліміздегі жеке тұлғалардың басындағы жалпы несие көлемі 18 трлн теңгеге жеткен. Ал қарыз алушылардың саны 8 млн адамнан асады.

«Соңғы 3 жылда тұтынушылық кредит беру сегментінде өсім байқалады. Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33 пайыз болды. Биыл 8 айда тұтынушылық кредиттер портфелі 9,2 трлн теңгеден асады.

Екінші деңгейлі банктердің проблемалық қарыздар деңгейі 5,2 пайыз немесе 0,5 трлн теңгеден асты. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе қарыз алушылардың жалпы санының 7 пайызына тең», - деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілістегі парламенттік тыңдауда.

Агенттік басшысы бүгінде банктер өтелменген кредиттерді есептен шығарып жатқанын айтты.

512 мың қарыз алушы бойынша баланстан есептен шығарылған кредиттер көлемі 434 млн теңгеге дейін жетті. Былтыр микроқаржы секторында тұтынушылық микрокредиттер портфелі 46 пайызға өсті. Биыл 8 айда ол 11 пайызға ұлғайып, 1 трлн теңгеге жетті, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымова соңғы екі жылда қарызын қайтара алмайтын қазақстандықтардың саны күрт өскенін атап өтті.

Проблемалық қарыздар 8,8 пайызға тең, олар 2021 жылдан бері 180 пайызға ұлғайып, 98 млрд теңге болды. 2021 жылдан бастап проблемалық қарыз алушылар саны 190 мыңнан адамнан 347 мың адамға дейін өсті, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама