×

Алматы әкімі қалада салынып жатқан спорт нысандарын қабылдауға тыйым салды

Ерболат Досаев әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейн ашуды тапсырды

 Халық үні 19.10.2023 | 18:11
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ерболат Досаев Зерделі шағын ауданындағы аумағы 3 мың шаршы метрден асатын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Алматы әкіміне спорт зал, секциялық сабақтарға арналған нысандар көрсетілді.

Досаев спорт басқармасының басшысына жобада бассейннің жоқ екенін көрсетіп, құрылысы жоспарланған барлық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейнге орын қарастыруды тапсырды.

Кешенді көргеннен кейін Алматы әкімі нысанды мұндай жағдайда қабылдауға тыйым салды. Қала әкімі құрылыс басқармасы басшысына нысанды тиімсіз пайдаланбауға, ғимараттың орталықта болуына және келушілердің сабаққа қатысуына ыңғайлы етіп қайта қарау керегін айтты. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасауды жүктеді.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын «КАПСТРОЙГРУПП-Т» ЖШС мердігерлік ұйымы 2021 жылдың тамызында бастаған. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс 2021 жылдың соңында тоқтатылып, 2022 жылдың жазында жобаға түзету енгізілген соң қайта жанданды. Қазір кешенді салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қазір ғимарат инженерлік желілерге қосылған, аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Зерделі ш/а жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені Алатау ауданында алғаш рет салынып отыр. Оған күніне 400-ге дейін бала бара алады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауданның спорт секциясына деген қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған: Зерделіде балалар баскетбол, волейбол, дзюдо, таэквондо, бокс және пауэрлифтингке қатыса алады.

Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков қала басшысына тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу жобасын ұсынды. Ерболат Досаев Зерделі ш/а саябақ құрылысы аясында көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударуды және жасыл желектердің санын көбейтуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама