×

Қарағанды облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты

Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші ұйықтап кеткен

 Динара Амантай 19.10.2023 | 12:12
Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қайғылы оқиға Қарағанды – Балқаш тас жолында болған.

19 қазанда сағат 02:00 шамасында Қарағанды облысының Шет ауданында, Қарағанды – Балқаш тас жолының Ақжал кентінен 10 шақырым жерде Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Қарағандыдан Балқашқа қарайғы бағытта, алдын ала болжам бойынша, ұйықтап кетіп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Артынша 47 жастағы азаматтың басқаруындағы Mercedes Actros жүк көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі мен оның 2 жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, – деді Шет аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуаныш Қажкеров.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмай, жолдың қарсы бағытына шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ түнгі уақытта жол жүргенде ұйқы келген жағдайда тынығып, демалғаннан соң жол жүру керектігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама