×

Депутаттар мектептегі техперсонал жалақысы мәселесін қалай шешпек?

Сондай-ақ, квазисектордағы сыйақы көлемі де тексеріліп жатыр

 Ербол Тұрымбет 19.10.2023 | 09:35
Коллаж: Halyq Uni

Жалақысы 100 мың теңгеден көп аспайтын директор орынбасарлары мен техникалық қызметкерлер жалақы көлемін ұлғайтуды жиі айтып жүр. Жуырда ғана Атырау облысы мектептерінің қызметкерлері министрлікке ұжымдасып хатпен шыққалы жатқанын жазған едік. Олар нарықтың қымбаттауына байланысты жалақысын 30%-ға көтеруді сұрайды. Себебі олардың мойнына түскен жауапкершілік ауқымы ұлғайып кеткен. Біз осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаттарының пікірін біліп көрдік.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, депутаттар бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Қаржы министрліктерінің алдында үнемі көтеріп жүр. Мұндағы айта кетерлігі, директор мен орынбасарлар әкімшілік басқару персоналы деп бекітілген. Техперсоналмен бірге олардың да айлық жалақысы төмен.

Одан бөлек, мектеп кітапханашыларының жалақысы мәдениет саласына қарасты кітапхана қызметкерлерінің табысынан аз. Соған байланысты, депутат мектеп кітапханашылары, директорлар мен техперсонал жалақысы бойынша 2-3 депсауалдан жолданған.

Біз бұған дейін де мәселені тез шешудің жолын ұсынғанбыз. Мысалы, ол қызметкерлер «D», «С» дәрежелеріне жатқызылған. Соларды «B» категориясына көшіру арқылы шешейік деп ұсындық. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің айлық жалақыларындағы сыйақы, бонустарды да реттеуді ұсындық, - дейді депутат.

Оның сөзінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселе бойынша жауабын берген. Министрлік қазір азаматтық қызметкерлердің айлық жалақысын көтеруге байланысты комиссия құрып, әдістемесін әзірлеп жатыр. Комиссия құрамында біраз депутат бар. Мұндағы әдістеме – жалпы барлық айлық жалақысы төмен азаматтардың табысын арттыру. Демек, базалық қызметтік жалақыны, үстемеақылар қайта қаралу керек.

Сонымен бірге, аталған комиссия тек білім саласы ғана емес, медицинада орта және кіші медперсонал жалақысын арттыруға да күш салмақ.

Олардың жалақысы қазіргі орташа жалақыдан кем түспеу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, тағы бір айтып жүрген нормам, еңбек демалысына қатысты. Техперсонал қазір күн ғана демалады. Соны мұғалімдер секілді 56 күн, тым құрығанда 30 күнге дейін создырғымыз келеді. Оған қоса, еңбек құқықтарын қорғау мәселесіндегі төлемдерді де толыққанды қарастыруды ұсынам, - дейді Жұлдыз Досбергенқызы.

Сол комиссияға кірген Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзінше, техперсонал жалақысына қатысты министрліктің өз шешімі болу керек.

Ол жөнінде министрлікпен жеке жұмыс істейміз. Министрлік ол мәселені мекемелердің өзіне жүктеп қойған. Енді керісінше, ол  министрліктің орталықтандырылған шешімі немесе бұйрығы болу керек, - дейді Ерлан Биахметұлы.

Екіншіден, квазисектордағы сыйақыларға қатысты Бас прокуратура тексеріске кіріскен. Соның қорытындысы шыққан соң сыйақылардың қаншалық ақылға сай екені, сонымен бірге, сол квазисектордың экономикалық жетістіктеріне сәйкес келуі қадағаланбақ.

Егер олардың осы себепті пайдасы көбейетін болса, онда әрине, сыйақысы да арту керек. Ал пайда болмаса, қайдағы сыйақы? - дейді депуат.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырманы жүзеге асыру аясында білім беру ұйымдарының педагогикалық емес қызметкерлеріне, оның ішінде әкімшілік, көмекші персонал қызметкерлеріне 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жалақыны кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Мәселен, 2022 жылы – 23%, 2023 жылы – 45%; 2024 жылы – 71% және 2025 жылы – 100% артпақ. Мұның бәрі 2021 жылғы жалақыға қатысты есептеледі.

Осыған байланысты, білім беру ұйымдарының әкімшілік және көмекші персоналы (С және D блоктары) қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылы 45%-ға өскен. Осы айтылғандарға сүйене отырып, 2025 жылға қарай осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы 100% артады.

Алайда, мектеп директоры орынбасарларының сөзінше, бұл қазіргі нарық бағамына мүлде сай келмейді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама