×

Шымкентте автобуспен 6 адамды қағып өткен жүргізуші сотталды

Оқыс оқиға қала жұртын дүрліктірген

 Дәурен Ерболат 17.10.2023 | 16:37
Фото: Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі

Шымкентте 5 адамды «қағып» өлтірген автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қайғылы оқиға биыл 8 сәуірде Шымкентте болған. Қаладағы «Метро» сауда үйінің жанындағы 2 көшенің қиылысында тұрған, жүргізушісі жоқ автобус еңіске қарай жүріп кетіп, қарсы бағытта тротуарда тұрған 6 адамды қағып кеткен. Салдарынан 5 адам өлген. Олардың үшеуі – жасөспірім. Бір адам ауыр жарақат алған.

Іс сотқа 5 қыркүйекте түскен. Шымкент қаласы Қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты Ю. атты жүргізушінің ісін Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қараған.

«2023 жылғы 8 сәуірде шамамен сағат 17:08 шамасында Ю. алдын ала келісім бойынша №21 бағыттағы Ж. атты автобус жүргізушісімен ауысып, жол парағынсыз автобус басқарған.

Ю. кешкі сағат 18:25-те Бәйтереков көшесіндегі соңғы «Метро» аялдамасына барлық жолаушыны түсірген. Ол аялдамаға жетпей, автобусты тоқтатқан. Содан кейін автобустың қол тежегішін тартып қоймай, одан түсіп кеткен. Жүргізуші сол жердегі дәмхананың дәретханасына кірген, - деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі.

Кешкі сағат 18:28-де жүргізушісіз қалған автобус өздігінен қозғалып, Байтереков пен Назарбеков көшесінің қиылысындағы қарсы бағыттағы бағдаршамның алдында тұрған Е., О., Т., Т., Ж. және С. атты жаяу жүргіншілерді қағып кеткен.

Көлік апаты салдарынан Е., О., Т. атты жаяу жүргіншілер оқиға орнында қайтыс болған. Кәмелетке толмаған Т., Ж. атты балалар облыстық балалар ауруханасында көз жұмған. С. атты жәбірленушінің денсаулығына «орташа» дәрежеде зиян келтiрілген.

Сот Ю. атты автобус жүргізушісінің өз кінәсін толық мойындауын, шын өкінгенін, бұрын сотты болмағанын, жәбірленушілер кешіргенін және баланы асырап отырғанын, қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді.

Судья жүргізушіні Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға, бас бостандығынан 5 жылға айырды. Жәбірленуші С.-ның талап арызы қанағаттандырылды, - деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама