×

Таразда өкілеттіктерін асыра пайдаланған шенеуніктер сотталды

Сот шешімімен жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды

 Динара Амантай 17.10.2023 | 15:16
Фото: Halyq Uni

Тараз қаласы әкімдігі бөлім қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттері әшкерленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараз қаласы №2 сотының мәліметінше, соттың 2023 жылдың 16 қазанындағы үкімімен қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы және бұрынғы сектор меңгерушісі лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланғаны үшін сотталған.

Мемлекеттік қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері Тараз қаласының прокуратурасымен жүргізілген талдау барысында анықталды.

Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар 3,56 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін заңсыз тәркілеп, оны жалпы ауданы 3,56 гектар екі коммерциялық жер теліміне айырбастады. Алайда мемлекет мүддесі үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскені алып қоюдың қажеті жоқ еді. Сонымен қатар, жер телімдерінің бағасы тең емес болғанына қарамастан айырбастап, мемлекет мүдделеріне 121 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Коммерциялық мақсаттағы екі учаскеде 14 шағын ауданда орналасқан және оларды аукционда сату жергілікті бюджетке табыс әкелетін еді. Бірақ мемлекеттің орнына жеке адамдар пайда тапты: яғни, ауданы 1,3 гектар болатын бір учаске автосалонға 93 млн теңгеге сатылған.

Осы жәйт бойынша Тараз қаласының прокуратурасы 2022 жылы 7 маусымдағы ҚР ҚК-нің 361-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тергеу Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды.

Сот жер қатынастары бөлімінің басшысын ҚР ҚК-нің 361-бабы 3 - бөлігінің 4-тармағы, ал бұрынғы сектор меңгерушісін ҚР ҚК-нің 361-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, 24-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, – делінген хабарламада.

Сот шешімімен жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама