×

«Асық ату» ойыны Испанияда да насихатталатын болды

Асық ату федерациясы мен Испания қазақтары қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды

 Ербол Тұрымбет 12.10.2023 | 14:20
© Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Елордада өткен «Отандастар» форумы аясында «Қазақ үйі» Испания қазақтарының білім және мәдениет қауымдастығы мен ҚР Асық ату федерациясы ұлттық ойынымыз асық атуды дамыту жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екіжақты келісімге аталған қауымдастық өкілі Жанар Нұрбаева мен Федерацияның атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы қатысты.

Жанат Амангелдіқызының айтуынша, бүгінде Испанияда қазақтардың саны көбейіп келеді. Испан халқының Қазақстан туралы хабары аз. Сол себепті оларға қазақтың дәстүрі мен ұлттық спортын насихаттауды қолға алған.

Жыл сайын Наурыз мейрамын тойлағанда испандарды шақырып, асық, ләңгіні көрсетеміз. Оларға ұнайды, қызығады. Сондықтан испандар Қазақстанға келіп, Қазақстан мамандары Испанияға барып, бір-біріне үйрететін дәстүр қалыптастырсақ дейміз, - дейді Жанар Нұрбаева.

Жанат Нұрбаева Мадридте испан және орыс тілінен сабақ береді. Оқушылары – испандар және шетелдіктер. Айтуынша, Испаниядағы «Қазақ үйі» қауымдастығында асық, тоғызқұмалақ тұрады.

Сондай-ақ, асық ойынының бір түрі испандарда да барын айтты. Бірақ ойын ережесі басқаша. Дүкендерінде асық сатылады, бірақ қымбат. Бес асықты шамамен 20 мың теңгеге аласыз. Сондықтан біразы өздерінің ойынын да білмейді.

«Жалпы, Испаниядағы қазақтар өзара жақсы араласып тұрамыз. Сан-Себастьян деген халықаралық кинофестиваль бар. Валенсия, Андалусия қазақтарымен жақсы араласамыз. Студенттеріміз Саламанкадағы мықты университеттерде білім алып жатыр. Былтыр Париждегі құрылтайға, биыл Кельнде өткен құрылтайға барып жолымыз болды. Жомарт Сабыржанұлы тоғызқұмалақ пен асықты үйретті», - дейді Жанат Амангелдіқызы.

Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанның 16 өңірінде федерация өкілдігі, 1014 бапкер бар. Оның дерегінше, Қазақстанда 78 мыңнан астам бала асық ойнайды.

Жас ерекшелігі бойынша Қазақстанда жылына асық атудан бірнеше жарыс өтеді. Биыл үздік үштікке ілінгендерге жүлде қоры қарастырылған. Қарашаның 11-14 аралығында «Азия асығы» гран-при жарысы өтеді.

Бүгінгі меморандум бойынша асық ойынын халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отырмыз. Оның үстіне, Халықаралық асық ату федерациясын ашып жатырмыз. Сол ашылған соң тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық оқу-жаттығу жиындарына баруымыз мүмкін. Сондай-ақ, шетелдіктерді Қазақстанға шақыруымыз мүмкін, - дейді Жомарт Сабыржанұлы.

Федерация өкілінің айтуынша, асық ату ойыны моториканы дамытады. Ал саусақ ұшының жақсы жұмыс істеуінен сезімталдық артады. Асық ойнаған адам таза ауаға шығады. Балалар телефонға телміріп отырмайды. Бір жағынан асықты дәлдеп ату көз бұлшық етін жетілдіреді.

Айта кетейік, бүгінде асық атуға түріктер, Румыния татарлары келіп тұрады. Қырғыздар да ойнайды. Моңғолиядан, Саха Республикасынан да қызығушылық танытатындар бар.

ҚР Асық ату федерациясы жалпы саны бес елмен байланыс орнатқан. Одан бөлек, елімізде оқып жатқан өзге елдің студенттеріне де ұлттық спортты насихаттап, үздіктеріне арнайы сертификат беріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама