×

Елордалық спорт мектебінде ата-аналардан ақша жинау дерегі анықталды

Ата-аналар ай сайын 15 мың теңгеден төлеп отырған

 Ербол Тұрымбет 07.10.2023 | 10:12
Фото: мектептің әлеуметтік желідегі парақшасы

Астанада балалар спорт мектебінде ата-аналардан заңсыз ақша жинау дерегі мәлім болды. Қала әкімдігіне қарасты №10 Балалар мен жасөсіпірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінде ата-аналар жаттықтырушыларға ай сайын ақша жинап бері отырған. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желіде жазды.

Дархан Құлжамбековтің жазуынша, мұнда балалар 6 жылдан бері шайбалы хоккеймен жаттығып келеді. Ата-аналар да балалары үшін осынша уақыт ақы төлеумен болған. Негізі аталған мектептерде сабақтар тегін, мемлекет есебінен жүреді. Мемлекет жаттықтырушыларға сол үшін еңбекақы төлеп отыр.

Бір ата-ананың айтуынша айына үнемі 15 мың теңге төлейді екен. Бірақ қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Мемлекеттің берген мүмкіндігін, жасаған жағдайын өздеріне майшелпек етіп алуға әбден дағдыланып алған ба дерсің... «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген бар. Ешқандай заңсыздық болмаса, бекерден бекер шағымданбас еді ғой?! - дейді ол.

Сондықтан біздің кеңесіміз бойынша ата-аналар сол фактілерге тексеріс жүргізу үшін қала прокуратурасында болды. Енді тексерістің басталуын күтеміз.

Айта кетейік, мұның алдында да Астанадағы №2 балалар мен жасөспірімдердің  мамандандырылған спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың ата-аналардан заңсыз ақша жинағаны жария болған. Онда мәнерлеп сырғанауға жаттығып жүрген балалардың ата-аналарынан жаттықтырушылар біресе жаттығу үшін, енді бірде құрғақ (мұзсыз) жаттығулар, содан кейін бағдарламаны қою үшін, содан кейін іссапар ақысын төлеу, қосымша сырғанау үшін деп ай сайын 700 мың теңгеден жинап ала берген. Артынша қызметтік тексеріс жүріп, қорытындысында жаттықтырушыға сөгіс жарияланған. Одан директордың өзі мен орынбасары да қатаң сөгіс алған.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама