×

Жаттықтырушы мен басшылары қатаң сөгіс алды: Астанадағы қысқы спорт мектебіндегі ақша жинаудың ақыры осылай бітті

Ата-аналар бір жылда 7 млн теңгеден астам қаражат жинап берген

 Ербол Тұрымбет 18.08.2023 | 09:51
Коллаж: Halyq Uni

Астанадағы №2 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебіндегі ата-аналардан ақша жинау дерегіне қатысты қалалық басқарма мен мектеп басшылығы жауап берді. Қала әкімдігіне қарасты мектепте жаттықтырушының ай сайын 700 мың теңгеден жинап отырғаны айтылған еді. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы ондағы барлық сабақтың тегін жүретінін мәлімдеді.

Ата-аналардың өтінішіне сәйкес конькимен мәнерлеп сырғанауда жалпы және арнайы  дене дайындығы, хореография және коммерциялық жарыстарға арналған бағдарламалар бойынша қосымша сабақтар өткізіледі. Барлық шығынды ата-аналар өз еркімен өтейді. Бұл сабақтар бос уақытта жаттықтырушы-оқытушы Елена Валерьевна Бойконың негізгі жұмысынан тыс уақытта өтеді, – делінген басқарманың жауабында.

Сондай-ақ, спортшылар мен жаттықтырушылардың коммерциялық жарыстарды өткізуге арналған шығындары да №2 МБЖСМ бюджетіне кірмейді, ата-аналар бұл жарыстарға балаларын өз еркімен қатыстырады.

Ал мектеп директоры Бауыржан Сақарбаев бұл әңгіменің қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, сәуір мен мамыр айларында ата-аналар Елена Бойко деген жаттықтырушының үстінен арыз жазған. Сол бойынша мектеп басшылығы қалалық басқармамен бірге қызметтік тексеріс жүргізген. Соның қорытындысы негізінде жаттықтырушыға сөгіс жарияланған. Одан директордың өзі мен орымбасары да қатаң сөгіс алған.  

Бұл арызды сол Бойконың бұрынғы ата-аналары жазған еді. Қазір ешкім ешқандай ақша төлемейді. Кейін басқа ата-аналармен сөйлестік, оларда да мұндай мәселе жоқ. Жалпы, басқа спорт түрлері бойынша ондай жағдай анықталмады. Елена Бойко қазір де жұмыс істеп жатыр. Ата-аналармен сөйлесіп, түсіндірілді. Қазір жаңа оқу жылы қарсаңында да жаңа өтініштер қабылданып жатыр. Оларға да ешқандай қаражат төлемеу керек екенін жөнінде түсіндіріліп отырады, – дейді Бауыржан Сахарбаев.

Ал қоғамдық бірлестік өкілдері осы жағдайға қатысты аудандық прокуратураға арыз жазып қойған. Жиналған 7 млн теңгенің жыры тағы біраз созылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама