×

Таразда Ресей азаматының иелігіндегі зауыт жұмысшылары 7 айдан бері жалақы алмаған

Олар қазір қарапайым қолғапқа да жарымай жүргеніне наразы

 Еркеғали Болатұлы 12.10.2023 | 09:15
фото: видеодан скриншот

Ресейлік кәсіпкердің қолына өткен Тараздағы қант зауытының жұмысшылары 7 айдан бері жалақы алмағандарын айтып, шу шығарды. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Қант зауытының жұмысшылары өндіріс орнын Ресей азаматы алғалы қарапайым сыпырғышты да, қара жұмысқа киетін киімді де, тіпті құрал-сайманды өз қаражаттарына алатынын айтады.

Айлық дұрыс берілмейді. Сыйақы деді, бірақ сыйақысы да жоқ. Ештеңе жоқ, – деді жұмысшы Нұржан Тамаев.

500-ге жуық жұмысшысы бар Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкер Павел Демидов сатып алған. Оның қарамағындағылар қазір жалақыға да, қарапайым қолғапқа да жарымай жүргеніне наразы.

Шомылатын су өте салқын, ешқандай жағдай жасалмаған. Не киім жоқ. Бір рет шығамыз. Бізге «мақұл-мақұл, шыдаңыздар, ресейліктермен сөйлесеміз» дейді де жоқ болып кетеді, – деді жұмысшы Айдос Базарбаев.

Жұмысшылар бұған дейін де талай шағымданған. Бірақ ұсыныс еленіп жатқан жоқ дейді. Басшының орынбасары мұны есепшінің құжаттан кешіккенімен түсіндірген. Тіпті құрал-саймандар мен қолғаптарды сатып алған. Қазір қоймада тұр екен. Тек 7 айдан бері басшылықтың рұқсатын күтіп жүрміз дейді.

Түсініспеушілік біздің есепшілердің үлгермеуінен туындап тұр. Осы олқылықтың орнын толтырып, 1-2 күнде әрбір жұмысшыға сыйақы береміз. Қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекті енді сатып алдық. Қазір қоймада. Жақын арада бәріне беріледі. Ал жалақының жыры неге 7 айдан бері шешілмеді деген сұраққа директордың өзі жауап береді, – деп мәлімдеді Тараз қант зауыты директорының орынбасары Арман Жотабаев.

Сондай-ақ 2 айдан бері күрделі жөндеуге жабылған зауыттың қашан іске қосылары тағы белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама