×

Отандық кәсіпкерлер шетелдегі қазақ диаспораларын дамытуға үлес қосуы керек – Исламбек Салжанов

Меценат шетелдегі қазақ жастары мен отандық кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

 Айнұр Шошаева 11.10.2023 | 13:31
фото: Halyq Uni

Бүгін Астана қаласында әлемнің 40 мемлекетінен келген 200-ге жуық қандастың басын қосқан «Отандастар» форумы өтіп жатыр.

Белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов шетелде білім алып, тәжірибе жинаған қазақ жастарын отанына қызмет етуге шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Кәсіпте жүргеніме 30 жыл болды. Шетелде көп жүремін. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, қай жерге барсам да, қазағымды іздеймін. Кім бар, не істеп жатыр, оның ішінде кәсіпкер бар ма деп іздеп, басын қосқым келеді. Біз елімізді қалай дамытамыз, әрі ол үшін елде және шетелде тұрып жатқан қазақтар не істеуі керек? Кәсіпкер ретіндегі пікірім, шетелдегі қазақтардың басын қосатын түрлі іс-шаралардың көбі қаражатқа келіп тіреледі. Бүгін «жаңа орталық ашайық, мынадай шара өткізейік» деп жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Осыған орай елім, ұлтым дейтін кәсіпкерлер болса, көп нәрсені шешуге болады. Сондықтан кәсіпті дамыту керек», - деді қазақстандық меценат «Отандастар» форумында сөйлеген сөзінде.

Меценаттың пікірінше, шетелдегі қазақ диаспораларын дамытуға қазақстандық кәсіпкерлер үлес қосуы керек.

«АҚШ, Еуропада және т.б. елде тұратын қазақтар сол елдегі ғылым мен технологияны елімізге тартуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан жағдайы бар кәсіпкерлер шетелдегі қазақ жастарына қолдау көрсетіп, кәсіп ашуына жағдай жасауымыз керек. Әр мемлекетте бірнеше қазақ кәсіпкері болса, сол елдегі қазақ диаспорасына, тұтас Қазақ еліне қызмет жасайды. Дамыған елдердің тәжірибесін алайық, мысалы Қытай 30-40 жыл бұрын қандай ел еді, қазір қандай?! Дамыған мемлекетке айналды. Тарихын қарасаңыз, сыртта жүріп білім алып, тәжірибе жинағандар Қытайға келіп көмектесті. Сол себепті шетелде жүріп білім алып, тәжірибе жинаған қазақтар елге көмектесуге тиіс. Қандастардың бәрі елге қайтқысы келеді, ол үшін алдымен жағдай жасау қажет. Әлбетте 10 млн қазақты көшіріп әкелу мүмкін емес. Сол себепті ұсыныс ретінде айтарым, қазақ жастарын тартып, кәсіп ашуға жағдай жасау керек. Олар кәсіп ашып, аяққа тұрса отбасы мен әулетін көшіріп әкеледі. Қазақтай бауырмал ел әлемде жоқ деп ойлаймын. Бір қуатты кәсіпкер болса, тұтас әулетін сүйреп жүреді», - деді кәсіпкер.

Сондай-ақ Исламбек Салжанов шетелдегі қазақ жастары мен отандық кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Жомарт қазақтар көп болса екен деймін. Шетелде жүрген қазақтарды сол елде жүріп-ақ Қазақстан үшін қызмет етуге және елге келіп қызмет етуге шақырамын. Мен қазақ жастарына сенемін. Шеттегі ағайын-бауырға қолдан келгенше қолдау көрсетемін. Еліміздің барлық кәсіпкерін осы мақсатта бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, - деді Исламбек Салжанов.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Отандастар форумы басталған болатын. Форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Іс-шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама