×

Президент «Қазпоштаны» мерейтойымен құттықтады

Компания қиын сәтте жұмыс істей алатынын дәлелдеген

 Дәурен Ерболат 10.10.2023 | 14:40
Фото: «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» АҚ-ын 30 жылдық мерейтойымен және Дүниежүзілік пошта күнімен құттықтады, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Құттықтауды премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев оқыды. Президент компанияның шағын және орта бизнесті қолдаудағы рөлі айрықша екенін атап өтті.

Ғасырлар бойы батыс пен шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы еліміз арқылы өткені мәлім. Бүгінде Қазақстанның Еуразияның транзиттік торабы, логистикалық хаб ретіндегі рөлі едәуір артып келеді. Осы тұрғыда мыңдаған қызметкері бар «Қазпошта» ұжымы еліміздің көлік және логистика әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ мерекелік іс-шарада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың құрмет грамоталары табысталды. Марапаттауға Қазақстанның барлық өңірінен жиналған «Қазпоштаның» 50 үздік қызметкері қатысты.

Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ-ның 30 жылдық мерейтойына арналған маркаға салтанатты түрде белгі соғылды. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қызметкерлерді мерекемен құттықтады.

30 жыл бұрын компаниямыз Қазақстанның ұлттық пошта байланыс операторы ретінде өзінің дербес жолын бастады. Осы уақытта Қазпошта көпфункционалды және заманауи компанияға айналды. Қазақстанның бәсекелестік нарығына және халықаралық пошта қауымдастығына интеграцияланды. Біз күрделі тарихи және қиын-қыстау кезеңдерде жұмыс істей алатынымызды дәлелдедік. Біз әрқашан Қазақстан халқының жанынан табыламыз, – деді компания басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама