×

Үлгерімі төмен оқушыларды колледжге жіберуді доғару керек – Ғани Бейсембаев

Оқу-ағарту министрі мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді

 Дәурен Ерболат 10.10.2023 | 13:37
көрнекі фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу үлгерімі төмен оқушыларды колледжге «қуатын» мұғалімдерге ескерту жасады, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист Оқу-ағарту министріне сұрақ қойып, үлгерімі төмен оқушыларды 9-сыныптан кейін колледжге «қуатын» мұғалімдер жайында сұрады:

«Мектепте үлгерімі төмен оқушыларды 9-сыныптан кейін колледждерге жіберу тәжірибесі тоқтаған шығар деп ойлағанмын. Алайда қазір оқушыларға қысым барын көріп отырмын. Ұлым 9-сыныпта оқиды. Бүгінде мұғалімдер оларға «Сабақты нашар оқысаңдар, 9-сыныптан кейін мектепте оқымайсыңдар» деп айтып жатыр екен. Мен оларға Конституциядағы норманы айтып, бұлай істемеуді сұрадым... Мен мектептер рейтингтің соңына ілесіп, осындай қадамға баратынын түсінемін. Бұл рейтинг қалай қалыптасады? Түсіндіріп беріңізші. Білім ордалары рейтинг қумауы үшін не істеу керек?».

Ғани Бейсембаев мұндай рейтинг жоқ екенін, мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді.

«Мұндай жағдай мүлдем болмауы керек. Бұл мәселені жеке өзім бақылауыма аламын. Осындай жағдай болса, басқа өңірлердегі (мектептерге) ескертемін. Мұны бірден тоқтату керек. Министрлік тарапынан (мектептердің) рейтинг жоқ.

Колледжде немесе мектепте оқу – әр оқушы мен ата-ананың жеке таңдауы. Егер мұғалімдер мен мектеп басшылығы бұл туралы білмесе, олардың есіне салуға тура келеді. Себебі, оқушының мектепке оқымай, колледжге ауысуын көздейтін буллинг немесе прессингке жол беруге болмайды. Мұндай бұйрық пен тапсырманы мен және министрлік берген жоқ. Мәселені анықтаймыз. Білім беру басқармаларына ескерту керек шығар. Себебі, олар (еліміздегі) барлық мектепке «ескі әдістерге» қызықпасын деп ескерту жасауы керек. Олай істеуге болмайды», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама