×

Израильде консулдық есепке алынбаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін – СІМ

118 азамат елге қайтуға өтініш білдірген

 Айгерім Таубай 09.10.2023 | 13:19
фото: Oded Balilty

Израильде консулдық есепке алынбаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.  

7 қазанда Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті. Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін жедел желі ашылды. Осы екі күн ішінде отандастарымыздан 500-ден аса қоңырау түсіп, оларға жауап берілді. Қазір Қазақстанның Израильдегі елшілік-консулдық есебінде 77 азамат тіркелген. Оның ішінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері бар, - деді Айбек Смадияров.

Ресми ақпарат бойынша, Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстанның 5 студенті оқиды. Сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық жергілікті түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы – 112 адам.

Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде чат құрды. Қазір Израильде тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы қосылған. Бұл чатта отандастарымыз өздерінің тұратын жері туралы ақпарат беріп, дипломаттармен тұрақты байланыс орнатты, - деді СІМ ресми өкілі.

Айтуынша, Израильде қаза болған, зардап шеккен, кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат түспеген.

Енді Қазақстан елшілігі Air Astana әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды қауіпсіз жерге шығару бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азамат ниет білдірген.

1-2 күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін репортациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін, - деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс 7 қазанда таңертең басталды. Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Израильдегі жағдайға қатысты пікір білдірді.

Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз, - деді ҚР СІМ ресми өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама