×

Елордада кәмелетке толмағандар ұрлық жасады

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

 Динара Амантай 03.10.2023 | 12:17
Фото: Halyq Uni

Астана қаласында кәмелетке толмаған балалар ұрлық жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Алматы ауданының ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бөтеннің мүлкін жасырын ұрлады деген күдікпен екі жасөспірімді анықтаған. Тергеу барысында белгілі болғандай, олар күнделікті сабақтан кейін сыныптасының үйіне ойын ойнауға барып отырған. Күндізгі уақытта ата-аналары жұмыста болғандықтан, жасөспірімдер үлкендердің қарауынсыз қалып, үйде емін-еркін жүрген. Кішкентай қожайынның көзін ала беріп, екі жасөспірім жатын бөлмесінде орналасқан сөренің ішіндегі қорапшадан алтын бұйымдарды ұрлаған. Жымысқы әрекеттерін бірнеше күн бойы қайталаған.

Жалпы саны 8 алтын жүзік пен алқаны қолды қылып, арызданушыға 600 мың теңгенің көлемінде шығын келтірген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кәмелетке толмаған балалар заңды өкілдеріне тапсырылып, екеуін де ювеналды полиция қызметкерлері ерекше бақылауға алды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама