×

Түркістан облысында полицейлерге пара берудің 9 дерегі әшкереленді

Заң талаптарына сай, пара алушы да, беруші де қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады

 Динара Амантай 02.10.2023 | 16:13
Фото: Halyq Uni

Бір жылдың ішінде Түркістан облысында полиция қызметкерлеріне пара берудің 9 дерегі әшкереленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысының ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы 2022-2023 жылдар аралығында полиция қызметкерлеріне пара берудің 9 дерегін әшкереледі. Аталған қылмыстық істер бойынша кінәлі азаматтар ҚР ҚК-нің 367-бабы («Пара беру») бойынша сотпен жауапкершілікке тартылды.

Мәселен Түркістан қалалық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») ісі бойынша күдікті лауазымды тұлғаларға пара беруге оқталған. Бұл бойынша полиция қызметкері өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлап, заңға сәйкес шаралар атқарылған.

Тағы осындай жайттың бірі тасжол бойында болған. Яғни «Шымкент – Самара» тасжолы бойында патрульдік полиция қызметкері жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатқан. Оның құжаттарын тексеріп, әкімшілік хаттама толтырар кезде жүргізуші полицейге пара ұсынған. Бұл бойынша да тиісті шаралар атқарылып, жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған.

Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлерінің арасындағы теріс пиғылымен, тұрғындардың пара беру қылмысымен күресті күшейтіп жатыр. Заң талаптарына сай, пара алушы да, беруші де қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Пара беру қылмысы үшін ең ауыр жаза ретінде 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама