×

Қызылордада неке сарайы ашылды

Жаңа нысанда «Анаға тағзым» орталығы мен «Отбасы банкі» филиалы болады

 Халық үні 29.09.2023 | 13:14
Фото: Қызылорда облысының баспасөз қызметі

Қызылордада аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен Қала күніне орай неке сарайы ашылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мереке күндері қалаға сән берген әсем ғимарат, көз тартар көркем аллея тарту етілгенін айтты.

Мемлекет басшысы «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген» деді. Бұл орталықты іске қосудың әлеуметтік маңызы өте зор. Жыл сайын Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Биыл «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде 10-рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды.

Бұл Сыр жерінде отбасы құндылықтарын берік ұстаған өнегелі әулеттер біздің мақтанышымыз. Неке сарайы ғимаратын аша отырып, бұл дәстүрді одан әрі дәріптейтін боламыз. Орталықта қалыптасқан қағидаға сәйкес «қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалады, - деді облыс басшысы.

Нұрлыбек Нәлібаев Неке сарайы ғимаратын сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС басшысы Расул Искаковқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, компания қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Ашылу салтанатына Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы аллеяны салған «Техоснастка» мекемесі мен облыс көлемінде ауқымды жол құрылысымен айналысып келе жатқан «УАД» компаниясының басшылары мен қызметкерлері де қатысты.

Еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов ғимараттың ашылу салтанатында жерлестерін құттықтады, ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ақсақал Қабақ Смағұлов бата берді.

Айта кетейік, жаңа нысанда Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, «Отбасы банкі», жұмыспен қамту орталығы болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама