×

Апорттың Отаны Қазақстан екені заң жүзінде дәлелденбек

Мұны әлем білуге тиіс

 Дәурен Ерболат 29.09.2023 | 15:20
Фото: voxpopuli.kz

Бүгінде Алматы апортының Отаны Қазақстан екенін заң жүзінде дәлелдеу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол бүгінде зияткерлік меншік құқығын қорғауға баса назар аударылғанын атап өтті.

Салада  патент беру, еліміздің мүддесін дүниежүзілік деңгейде қорғау сынды мәселе бар. Оның ішінде апорт алмасын географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Президенттің арнайы берген тапсырмасы бар еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы апортынан ұлттық бренд жасау керектігін айтқан. Сондықтан біз осы жұмысты қолға алдық, - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Азамат Есқараев жұмыс қызу жүріп жатқанын жеткізді.

«Биыл қауымдастық құрылды. Бізге қарасты Qazpatent ұйымына осы қауымдастық атынан Алматы апортын географиялық көрсеткіш ету туралы өтініш түсті. Қазір оны (Алматы апортын) елдің атынан тіркеуге тырысып жатырмыз», - деді Азамат Есқараев.

Министрдің сөзін ресми өкіл Талғат Уәли нақтылады.

Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – Алматы апортының шығу тегі Қазақстан екенін заң тұрғысынан дәлелдеу. Біз апорттың Отаны Алматы өңірі екенін білеміз, ал әлем мұны білмейді. Қазір тиісті құжаттарды жинап, ғылыми конференциялар өткізіп, апорттың шығу тегі Алматы екенін дәлелдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп түйіндеді сөзін Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама