×

Жанайқай: 100 млн теңгесін қайтара алмай жүрген бір топ турагент Бас прокуратураға жүгінді

Олар 2 жылдан бері ақшасын қайтара алмай, істі соңына дейін жеткізе алмай жүр

 Ербол Тұрымбет 27.09.2023 | 17:08
фото: Halyq Uni

Қазақстанда 40-тан аса турагент екі жылдан бері 100 миллион теңгеден астам қаражатын қайтара алмай жүр. Өзін туроператор деп таныстырған делдал компания («PRO TOUR RESALE») қаражатты жинап алып, қайтармай жүр екен.

Зардап шегушілер әуелде компания басшылығының «жыл соңына дейін қайтарамын» деген уәдесіне сеніп, біраз уақыт күтеді. Бірақ уәде орындалмай, шыдамы таусылған біраз турагент қаражатын күшпен тартып алған. Ал ақшасын заң аясында қайтарып алғысы келгендер құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген. Десе де, басында іс қозғалғанымен, артынша тоқтатылған. Сосын қайта іс қозғалған.

27 қыркүйек – бүкіләлемдік туризм күні. Ақшасын қайтара алмай жүрген турагенттер дәл осы күні Бас прокуратураға жүгінуді жөн санапты.

Турагенттердің айтуынша, жапа шеккендердің жалпы саны 70-тен асады. Солардың 40-тан астамы ұжым болып жиналып, құзырлы органдарға шағымданып отыр. Солардың бірі – «Жербекет» турагенттігінің басшысы Гүлмира Мұсағұлованың айтуынша, мұндай делдал компаниямен алғаш рет келісімшартқа отырған беті екен. Оған дейін туроператорлармен тікелей жұмыс істеп келген.

«2021 жылдың тамызында келісімшарт жасастым. Екі адамды саяхатқа жіберуім керек еді. Бірі 1,6 млн теңге, екіншісі 1,7 млн теңге төледі: жалпы құны 3,3 млн теңге шамасында. Қаражатты Қабанбай батыр көшесіндегі кеңсесіне барып, қолма-қол төледім. Содан бір апта өткеннен кейін олар банкротқа ұшыраған. Мен бұл туралы саяхатқа бара алмайтын болып қалған туристерім айтпағанда білмес те едім. Кеңсесіне барсам, ақшаны жылдың соңына дейін қайтарып беретінін айтты. Ол кезде туристердің жолға шығуына екі күн қалған еді. Қарызданып жүріп ақшасын төлеп, екеуіне саяхатқа жолдама алып бердім. Бірақ ақшаны сол күйі қайтара алмай жүрмін», - дейді Гүлмира Мұсағұлова.

Ақшасын қайтара алмай жүргендердің бірі – «24/7» турагенттігінің басшысы Рита Қасымбекова 2,5 млн теңгесін даулап жүр. Ол да саяхатшыларының жолға шығуына екі күн қалғанда ғана компания жұмысы тоқтап қалғанын білген.

Имиджіміз үшін қарызданып жүріп саяхатшыларымызды жібердік. Бақтиярмен сөйлесіп (ЖШС директоры – авт.), ол 50 мың теңгеден жібере бастады. Сөйтсек, бізді солай алдап келген екен. Ол компаниямен 3 жыл бойы жұмыс істеп келген. Сол аралықта мұндай олқылық болмаған, - дейді ол.

Рита Қасымбекованың айтуынша, Қазақстанда турагенттерді алдап соғатын осындай жайттар 5-6 жыл сайын тұрақты қайталанып тұрады.

Істі аяғына дейін жеткізбек болған турагенттер Есіл аудандық полиция бөліміне арызданған. Неге екені белгісіз, наурызда іс уақытша тоқтатылып, тергеуші ауысып кеткен. Артынша зардап шеккендердің дауымен іс қыркүйек айында қайта қозғалған. Бірақ тергеушінің кім екені беймәлім. Тіпті, әлі күнге бетпе-бет жүздестірмеген.

Кей турагенттер саяхатшыларын жолынан қалдырмай, өз қалтасынан төлеп шығарып салған. Шамасы жетпегендердің кейбірі саяхатшыларымен соттасып жатыр. Ал турагенттер мен саяхатшыларды әуреге салып қойған «PRO TOUR RESALE» ЖШС директоры Бахтиер Исхаков шағымданушылармен кездесуден қашып, телефонына да жауап бермей жүр екен.

Шағымданушылар полицияның әрекетсіздігіне налып, Бас прокуратудан бұл істі соңына дейін жеткізуді сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама