×

Премьер-министр Қазақстан қоқыс өңдеуде көш соңында қалғанын мойындады

Елімізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспаған

 Дәурен Ерболат 26.09.2023 | 12:37
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстан Еуропа елдерімен салыстырғанда қоқыс өңдеуде көш соңында қалғанын мойындады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр.

Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасауда. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне  қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ын қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Біз болсақ, әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз, - деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Әлихан Смайыловтың айутынша, Қазақстанда 4,5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады.

«Мыңдаған стихиялық қоқыс полигоны жағдайды қиындатып отыр. Әкімдіктер оларды жою үшін бюджеттен қомақты қаражат бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң талаптарын  бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. Алайда атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз», - деді Үкімет басшысы.

Оның пікірінше, қазіргі қалдықтарды басқару саласындағы ахуал өте күрделі күйінде қалып отыр.

Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі, - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама