×

Астанада «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының жеңімпаздары марапатталды

Жарысқа еліміздің әр түкпірінен 400-ден астам бала қатысты

 Ербол Тұрымбет 22.09.2023 | 16:13
фото: Halyq Uni

Соңғы жылдары елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында республикалық «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шараның негізгі көздегені − еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін арттыруына ынталандыру, олардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуге көмектесу, қоғамның назарын осындай балалардың проблемаларына аудару.

Жыл сайын өткізілетін бұл спартакиада 2022 жылы алғаш рет «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары ретінде жаңа форматта өтті.

2023 жылдың сәуір-маусым айларында республиканың барлық өңірлерінде қазылар алқасының қатысуымен іріктеу кезеңі өткізілді.

Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады, олар жеңіл атлетика, голбол, кіші футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сайысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 400-ден астам баланы және 80 жаттықтырушыны құрап отыр. Айта кетейік, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясы мен республикалық «Асық ату» федерациялары аталмыш жарысқа төрелік ететін арнайы төрешілер мен мамандарды жіберді.

Биылғы Ойындардың өтуіне ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, Астана қалалық әкімдігі мен еліміздің барлық өңірлерінің әкімдіктері, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және «Жұлдызай және К» Қоғамдық қоры атсалысты.

Бас серіктес – «Sport qory» спортты қолдау қоры, Samruk-Kazyna Trust қоры және ақпараттық серіктес ретінде «Qazsport» телеарнасы ниет білдірді. Ал, шараның бас демеушісі – BI Group компаниясы болды.

Бүгін «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.

Марапаттау шарасына ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, республикалық «Асық ату» федерациясының президенті Аслан Сұлтанов және «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының ұйымдастырушысы Алмагүл Салимбаева арнайы қатысты.

Бүгінгі таңда «Жұлдызай және К» қоры – бала тұлғасын өздігінен дамытудың, оны тұрақты түрде әлеуметтік ортаға кіріктірудің бірлескен қоғамдық жемісті жұмысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама