×

Шымкентте ауруханаға жеткізілген науқас жедел жәрдем қызметкерлерімен төбелесе кетті (ВИДЕО)

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап, хабар берді

 Еркеғали Болатұлы 22.09.2023 | 10:28
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіге ер адамның медицина қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, кейін дәрігерлердің біріне қол көтергені туралы видео тарады. Бұл оқиға Шымкенттегі токсикологиялық орталықтың жансақтау бөлімінде болған.

Алғашында дәрігерлер науқасты тыныштандыруға тырысқанмен, ол жай сөзге көне қоймаған. Барлық жедел жәрдем қызметкерлерін қорқытып, кейін оларға қарсы ұмтылған. Төбелес басталғаннан кейін медицина қызметкерлері науқастарды басқа палатаға алып кетіп, жақын маңдағы ер адамдарды көмекке шақырған.

Содан жедел жәрдем дәрігерлері айғайға басқан науқасты еденге жатқызып, қолын байлап тыныштандырды.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап, хабар берді.

20 қыркүйекте сағат 19:50-де Гипербариялық оксигенация орталығына 1995 жылғы азамат жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген. Жақындарының айтуынша, пациент улы сұйықтық ішкен. Науқасты дәрігерлер тексеріп, психикалық қозу жағдайының болуына байланысты тыныштандыру ем шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөлімшесіне кіргізген. Алайда науқас көмек көрсетуге қарсылық білдіріп, медициналық қызметкерлерге күш көрсеткен. Болған жағдайға байланысты 102 қызметіне хабар берілді, - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Талғардағы ауруханада көз жұмған науқастың туыстары дәрігерлерді соққыға жыққан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама