×

Алматыда белгілі композиторды өлтірді деген күдікті қамауға алынды

Қазақ эстрадасының жұлдыздарына көптеген хит ән жазған марқұм кейінгі кезде араққа салынып, көшеде түнеп жүрген

 Еркеғали Болатұлы 21.09.2023 | 15:48
фото: youtube.com

Әнші, композитор Арман Қайназаровтың өліміне қатысы бар күдікті ұсталды.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек Алатау аудандық полиция басқармасында тіркеліп, ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Аталған қылмысты жасады деген күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол қамауға алынды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Айта кетсек, осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде араққа салынып, көшеде түнеген ақын әрі композитор Арман Қайназаровтың видеосы қоғамда қызу талқыға түскен болатын. Ол қазақ эстрадасының жұлдыздарына көптеген хит ән жазған. Мәселен, марқұмның туындыларын Ұлықпан Жолдасов, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және Абай Бегей сынды өнерпаздар орындаған. Сондай-ақ көше кезген музыканттың әлі жарық көрмеген біраз туындысы бар екен.

Куәгерлердің айтуынша, Арман Қайназаров 4 қыркүйекте «Шаңырақ» шағын ауданындағы дәмхана маңында жігіттермен төбелесіп, сол күні жансақтау бөліміне түскен. Кейін оның комаға түсіп, 19 қыркүйекте көз жұмғаны хабарланды.

Арманның ішіп кетуіне әншілердің оның өнерін, өлеңін бағаламауы себеп болған. Қайсысы екенін білмеймін, бірақ бір-екі әншіге өлең жазып берген екен. Артынан жүгіріп жүріп, ақшасын зорға алған ғой. Бұл кісіде қазір жарыққа шықпаған 35 ән тұр, сол 35 әннің бәрі мықты, – дейді бұрынғы продюсері, журналист Тимур Нұғман.

Арман Қайназаров 1978 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Әйелі мен 4 баласы бар. Бірақ әйелімен тұрмаған. Олар ресми түрде ажырасып кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама