×

Дәрігерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу ұсынылды

Бибігүл Жексенбай медицина қызметкерлерінің еңбек демалысын да көбейтуді ұсынды

 Дәурен Ерболат 21.09.2023 | 12:37
фото @ Батыр Беспаев

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу керек. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, елордадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің 40%-ында баспанасы жоқ.

Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ. Медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын, - деді сенатор премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Бибігүл Жексенбай медицина қызметкерлері үшін демалыс күндерін көбейту мәселесінде көтерді.

«Емханадағы медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайына байланысты күнтізбе бойынша 36-дан 42 күнге дейін болады. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, педагогтарға жыл сайын ұзақтығы 56 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларына байланысты кемінде күнтізбелік 40 күн және одан да көп күн болатын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы күндерінің санын көбейту мәселесін қарауды сұрайды», - деді Бибигүл Жексенбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама