×

ШҚО-да қазақстандықтарды 80 млн теңгеге сан соқтырған интернет-алаяқтар тобы ұсталды

Қазір қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 21.09.2023 | 11:45
Фото: polisia.kz

ШҚО-да қазақстандықтарды 80 миллион теңгеге сан соқтырған интернет-алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысында ПД криминалдық полиция «Киберпол» қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілері бойынша көп эпизодты қылмыстық істі ашты. Бұған дейін Өскемен қаласы ПБ Үлбі полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны өтінішпен жүгінген. Ол өзіне белгісіз адам қоңырау шалып, банк қызметкері ретінде танысқанын айтқан. Сұхбаттасушы оның атына ақшалай несие ресімделгенін айтып, өз көмегін ұсынған. Банктің жалған қызметкері сенгіш жәбірленушінің сауалнамалық деректерін алып, оған 1 миллион теңге көлемінде несие ресімдеген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 3 күдіктінің жеке басын анықтады. Тәртіп сақшылары олардың үйлеріндегі заттай дәлелдемелерді тәркіледі.

Алаяқтардың шотында бүкіл Қазақстан бойынша 50-ден астам жәбірленуші бар, ал залал сомасы шамамен 80 миллион теңге болды. Олардың жұмысты танымал мессенджер арқылы тапқаны анықталды. Атқаратын рөлі қылмыстық жолмен алынған бөтен адамдардың ақшасын банкоматтар арқылы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру болған. Кейін олар мәміленің белгілі бір пайызын алып, ақшаны криптовалютаға аударып отырған.

Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама