×

«Самұрық-Қазынаға» қарасты мекеме 15 млрд теңгеден аса қаражатты ысырап еткен

Бүгінде комитет бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарға қатысы бар адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберді

 Динара Амантай 20.09.2023 | 14:43
Фото: Halyq Uni

Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты мекемелердің бірінде желдің көмегімен электр энергиясын өндіру нысанын салуға бағытталған 15 млрд теңгеден аса активті ысырап еткенін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2020 жылы 100% үлесі «Самұрық-Энерго» АҚ-ға тиесілі «Eneymentau Wind Power» ЖШС тендер қорытындысы бойынша Ерейментау ауданында «Олимп Транс Сервис» ЖШС-мен жалпы сомасы 26,1 млрд теңге болатын қуаты 50 МВт жел электр станциясын (ЖЭС) салуға шарт жасасқан. Шарт талаптарына сәйкес, нысан 17 ай бұрын 2021 жылдың 4 маусымына дейін салынуы керек еді. Алайда 2020 жылы «Олимп Транс Сервис» ЖШС мердігері жұмыстарды бастаған жоқ. Бұл ретте 10,5 млрд теңге аванстық төлемдер толық көлемде төленді.

Мердігерге бұл мөлшердегі аванс жеткіліксіз болды. Жел генераторларының 11 кешенін жеткізу үшін ол авансты арттыруды талап етті. «Ereymentau Wind Power» ЖШС медиацияны пайдалана отырып, заңды негізсіз аванс сомасын тағы 5,5 млрд теңгеге арттырды. Бірақ бұл мердігерге шарт талаптарын орындауға көмектеспеді, – делінген хабарамада.

Бүгінде 15,4 млрд теңгеге жұмыстар орындалмаған. Жел генераторларының 11 кешенін жеткізу жүргізілген жоқ.

«Ereymentau Wind Power» ЖШС Бақылау кеңесі мен бұрынғы басшылығының бұл әрекеті 15,4 млрд теңге мөлшерінде төленген аванстың қамтамасыз етілмегендігіне және мердігер шартты орындамаған жағдайда сақтандыру төлемін алу мүмкіндігінің жоғалуына әкелді.

Бұл ретте, қазір ақшаны қайтару бойынша ешқандай талап-арыз жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ.

Бүгінде аудит объектісінің атына анықталған бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарға қатысы бар адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберілді, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама