×

«Байғұс Арыстанбек 10 млн доллар сүйреп әкелді»: Ермек Тұрсынов келешекте қандай фильм түсіретінін айтты

Оның «Мәмлүк» тарихи романыны жетінші рет басылып шықты

 Ая Өміртай 19.09.2023 | 11:29
Фото: Halyq Uni

«Келін», «Шал» сынды бірқатар фильмдердің режиссері Ермек Тұрсынов келешекте қандай фильм түсіретінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада оқырмандармен болған сессия кезінде автор өзіне Елбасы туралы фильм түсіруге ұсыныс түскенін, оған сол тұстағы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қаржы бермек болғанын атады. 

Қазірге дейін «Шал» картинасының жалғасын түсірмейсің бе деп көбі айтып жатады. Одан гөрі «Шал, кет» деген фильм түсіргенім жақсы емес пе деймін. Елбасы туралы сериялы фильм түсіретін кезде маған ұсынған кезі болды. Түсіресің бе деп үлкен ағалар келді. «Шалды» түсірдің, «Келінді» түсірдің, мынаны да түсір дейді. Өздерінің стратегиясы бар. Мен бұл тақырыптан басымды қалай алып қашарымды білмедім. Біріншіден, бас тарту қиын болды. Қулыққа бастым. «Келін» фильмін көрдіңіз бе? Көрдік. Міне, осы негізде түсіретін боламын. Қалай? Сол кезде біздің депуттар «қазақстандық алғашқы порно» деп сынаған болатын. Суретші, режиссер ретінде фильмді солай көріп тұрмын деймін. Аналар маған қарап тұрды да, түсінді ғой деймін. Ертең расымен түсіріп, артынан пәле болар деді ме, кетті. Артынан көрдім, әрине. Бірінен кейін бірі түсіріліп жатты – «Балалалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы». «Шал» туралы қысқа айтқанда осы, - дейді Ермек Тұрсынов.

Ол Шығыстың танымал қолбасшысы, Египет пен Сирия сұлтаны Бейбарысқа арнап жазған «Мәмлүк» романының желісінде фильм түсіргісі келетінін, алайда фильм бюджеті қомақты болғандықтан түсірілім жұмыстары әлі басталмағандығын атады.

Осы кітап бойынша жиырма жылдан бері фильм түсіргім келіп жүр. Бірақ өте қымбат, сондықтан арзанға еш келмейді. Соңғы рет Мәдениет және спорт министрі болған байғұс Арыстанбек «Үлкен кісі оқыды, мықты кітап екен. Фильм түсіреміз», деп ұсыныс айтты. Сөйтіп 10 млн АҚШ долларын сүйреп әкелді. «Бар бере алатынымыз осы» дейді. «Маған керегі жоқ» дедім. Одан да тиіспегеніміз жөн. Яғни, «Гладиатор» 80 мың еуро, «Троя» 120 млн долларға түсіріледі. Ал мен мұнда 10 млн долларға фильмді құртпақпын. Бәлкім, бұл фильмді түсірмейтін де болармын. Себебі фильмді әлдеқашан басымның ішінде сан мәрте түсіріп, монтаждап, сан мәрте көріп тастадым, - деп  түсіндірді автор. 

Айта кетелік, Астанада «Мәмлүк» тарихи романының жетінші рет басылып, жарыққа шығуына орай тұсаукесер жиыны өтті. Тарихи шығарманың осы басылымына «АLTYN QYRAN»  қоғамдық қоры қолдау көрсеткен болатын.

Кеш барысында автор өз оқырмандарымен кездесу өткізіп, автограф-сессия жасады.  

Ермек Тұрсынов публицистика жанрындағы «Мелочи жизни», «Жыли-были» кітаптары мен басқа да шығармалардың авторы ретінде танымал.

2009 жылы Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі америкалық кино академиясының байқауында «Үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша сынға түскен еді. Сол тұста қазақстандық бір топ депутат сауал жолдап, Тұрсыновтың фильмі «бүгінгі қазақ киносында халқымыздың ұлттық намысын қорлады» деп сынаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама