Мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевты 6 жылға соттауды сұрады
Бұған дейін Боранбаевқа шыққан сот үкімі күшін жойды
Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотында кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен басқа сотталушылардың тергеумен процессуалдық келісімі қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды, артынша апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойған еді.
15 қыркүйекте өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы процессуалдық келісім бойынша Боранбаевты қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі — 189-бабы бойынша кінәлі деп тануды, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуін сұрады. Қазақстан президентіне Қайрат Боранбаевты «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізуді сұрады.
Қылмыстық іс бойынша сотталушы Роман Нахановты мүлкін тәркілеп, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Тайыр Жанұзақты 5 жылға соттауды сұрады. Сот барысында Тайыр Жанұзақтың 2019 жылы туған қызын жалғыз тәрбиелеп отырғаны айтылды. Соған байланысты сотталушыға қызы мектепке барғанша жазаны өтеу уақытын шегеруді сұрады.
Судья Қайрат Боранбаевтан процессуалдық келісімге келістіңіз бе деп сұрады. Боранбаев келіскенін, шығын көлеміне де қарсы емес екенін айтты. Сондай-ақ процессуалдық келісімге қол қойғанын және қолдайтынын мәлімдеді.
ПРОКУРАТУРА МӘЛІМДЕМЕСІ
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевпен және басқа сотталушылармен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп және оларды заңдастыруға қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады.
Заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті – шарттары сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі.
Сотталушылар кінәсін толық мойындауын және 14,5 млрд теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады, - делінген ақпаратта.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Боранбаев пен Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуіде мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.
Содан кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.
22 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады. Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин мемлекеттік айыптаушымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады.
Сотталушылар мен олардың адвокаттары тергеу органдарымен процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдады. Сотталушы Тайыр Жанұзақтың адвокаты процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдайтыны айтып, сот алқасынан Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңды назарға алуды сұрады.
Судья Қайрат Боранбаевтан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады. Боранбаев «процестік келісім бойынша, иә» деп жауап берді.
Істі судья Айсұлу Сламбеков, Нұрлан Баяхметов, Айбек Әмірғалиев қарап жатыр.