×

NEW MEDIA FORUM: БАҚ туралы заң мен жарнамаға қатысты өзгерістер талқыланды

Іс-шара кезінде креативті индустрия және жаңа медиа, цифрлық кеңістіктегі жаңа медиаэтика мәселесі талқыланды

 Халық үні 13.09.2023 | 10:09
Фото: Голос народа

12 қыркүйекте Алматыда алғаш рет New Media Forum өтті. Іс-шара барысында спикерлер медиа саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Форумға қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері мен блогерлер қатысты. Іс-шарада бес сессия болды. Оның барысында форумға қатысушылар қазір қарастырылып жатқан Масс-медиа туралы заңды талқылады.

Іс-шара кезінде жаңа цифрлық әлем, медиа нарықтың эволюциясы, креативті индустрия және жаңа медиа, цифрлық кеңістіктегі жаңа медиаэтика қарастырылды.

Медиакеңістіктегі ең өзекті мәселелерді талқылауға саясаттанушы Никита Шаталов, депутат Айдос Сарым, медиаменеджер Абылайхан Камаладин, YouTube продюсер Александр Мелентьев те қатысты.

Панельдік отырыстардың модераторлары қатарында тележүргізуші Айгүл Мүкей, журналист және тележүргізуші Динара Сәтжан, журналист Ғазиза Райымбек, жасанды интеллект бойынша сарапшы Рүстем Биғари, кәсіпкерлік және инновациялар мектебінің бағдарлама директоры Данияр Медетов бар.

Іс-шара спикерлер үшін де, қатысушылар үшін де офлайн және онлайн форматта өтті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қазақстандық БАҚ-тағы өзекті мәселелер жайында, оның ішінде фотоларға авторлық құқық туралы айтты.

Оның айтуынша, министрлік редакцияларды түрлі шабуыл мен жұмысына кедергі келтіруден қорғап келеді, әрі қарай да бұл жұмысты жалғастырады.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға келсек, бұл заң қарастырылып жатыр. Жұмыс тобының отырысы өтті. Жалпы бұл үшінші отырыс. Яғни, енді басталды. Сондай-ақ бұл заң жобасына басымдық беріп отырмыз. Қазір авторлық құқыққа қатысты осы сұрақтың барлығына, соның ішінде ашық дереккөздегі фотоларға қатысты нормаларды қарастыруға бірегей мүмкіндік бар. Депутаттар мен министрлік осы нормалардың барлығы заңда көрсетілгенін қалайды, ал БАҚ өкілдері қоғам үшін маңызды қызметінде заңмен қорғалады», - деді Евгений Кочетов.

Блог саалсында еңбек етіп жүргендер жарнама материалдарды таңбалауға қатысты жаңа талаптарға алаңдаушылық білдірді.

«Бізде 900 блогер бар және олардың барлығы ақпаратты жарнама ретінде белгілеуі керек. Біз қазір нео-банкингке бет алдық. Мысал келтірсек, біздің кей блогерлер G-park компаниясы салған тұрғын үйлерді жарнамалаған. Ал ол үйлер бойынша қазір салымшылар блогерлерге арыз немесе түрлі пікір жазып жатыр. Ол адам депутат болды, біз не істеуіміз керек? Біз креативті саладағы адамдармыз, БАҚ немесе журналист емеспіз. Егер ақша алатын барлық постқа арнайы белгі қоятын болсақ, онда маркетинг, пиар, креатив ұғымы жоғалады», - дейді Абылайхан Камаладин.

Бұған жауап ретінде депутат Айдос Сарым қазір елдегі барлық жарнаманы кәсіпкерлердің төлейтінін айтты.

«Жарнама үшін ақша төленетінін белгілі. Неге қандай да бір ерекшелік немесе артықшылық беру керек? Қылмыстың 40%-ы киберсалада, онлайн сайттармен байланысты бар платформаларда жасалады. Шартты түрде адам етке тапсырыс берді деп қарастырайық, бірақ ол шын мәнінде басқа зат алады. Интернетке келетін болсақ, бұған шартты түрде дүкен директоры жауапты, ол өнімдердің қолдану мерзімі өтіп кетпеуін қарауы керек. Медиа сауаттылықтың жауапкершілігі туралы мәселе де туындайды. Бұған ешқандай кедергі жоқ, жаңа заңның жалғыз талабы – кез келген басқа бизнес түрі сияқты оны заңды түрде жасау. Жеке кәсіп ашу, одан салық төлеу», - дейді депутат.

Форумға «Сұрауы бар» және «Голос народа» YouTube арнасының продюсерлері Ербол Сейілхан мен Арман Абдолла да қатысты.

«3-4 жыл бұрын жаңа медиаға көштік. Қазір барлық жобамыз сәтті жүзеге асты деп айта аламыз – екі YouTube арнаны іске қостық. Біздің видеоға көрермен тарапынан белсенді кері байланыс бар, яғни біз қоғамды қызықтыратын тақырыптарды қамтимыз. Тәуелсіз жаңа медиа – мемлекеттен бір тиын да алмау», - дейді Арман Абдолла.

Ербол Сейлхан бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңда қазір редакциялардың толыққанды жұмысында туындамаған мәселелерді де ескеру қажет екенін атап өтті.

New Media Forum жыл сайын ондаған қазақстандық және шетелдік делегаттарды біріктіретін тағы бір халықаралық коммуникация алаңына айналды.

Форумның ұйымдастырушысы – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Форумның серіктесі – «QAZCONTENT» АҚ және HOLIDAY INN EXPRESS.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама