×

Шығыс Қазақстан облысында 2023-2024 жылдары қанша мектеп салынады?

Облыста апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ

 Айгерім Таубай 10.11.2023 | 14:29
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында 2023-2024 жылдар аралығында 4 200 орынға лайықталған 11 мектеп салу жоспарланған. Бұл туралы облыстың білім басқармасы Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Білім басқармасының хабарлауынша, мектептерде 3 145 орын тапшы. Мәселені шешу үшін 2023-2024 жылдар аралығында облыс бойынша 4 200 орындық 11 мектеп салу жоспарланған. Жоспар бойынша Өскемен (3 мектеп), Риддер, Шемонаиха қаласында бір мектептен салынады. Глубокое ауданында 600 балаға арналған екі мектептің құрылысы аяқталады. Бұл мектептер «Жайлы мектеп»  жобасы аясында салынса, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 900 орынға 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар Өскемен қаласы «Нұрлы жол» шағын ауданы мен Зайсан қаласындағы мектеп.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бекітілген мектептердің орнына 300 орынға 2 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ өңірде апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Алайда маман тапшылығы байқалады. Мысалы, облыс бойынша мектептерде математика пәні мұғаліміне – 20, орыс тілі мен әдебиеті – 11, ағылшын тілі – 18, орыс мектептеріндегі бастауыш сынып мұғалімдері – 14. Ауылды жерлердегі мектептерде 34 орын бос тұр.

2023-2024 оқу жылына облыста 9 876 бала 1-сыныпқа қабылданды. Оның ішінде өзге ұлт өкілінің 20 оқушысы қазақ тілінде білім алатын болады. Облыс мектептері компьютермен толық қамтылған. 3 балаға бір компьютерден келеді.

Сондай-ақ облыс әкімдігі өңірдің интернетпен толық қамтылғанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама