×

Тараздық директор кассирді дәретханаға қамап, өз мекемесін тонаған

Ол спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батқан

 Динара Амантай 08.09.2023 | 13:44
Фото: ашық дереккөз

Спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батқан Тараз қаласындағы шағын қаржы мекемесінің директоры өз фирмасын тонаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше Тараз қаласының «102» арнасына шағын қаржы мекемесіне тонау жасалғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер оқиға орнына барғаннан кейін сол мекеме филиалының 47 жастағы директорының кассирді дәретхана бөлмесіне қамап, кассадан 24,5 млн теңге көлемінде ақшаны иемденіп, белгісіз бағытқа қашып кеткенін анықтады.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 191-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде жасалған тонау») бойынша қылмыстық іс тіркелді. Жеке құрамға шұғыл бағдар беріліп, «Тосқауыл» жоспары енгізілді. Сондай-ақ өзге де жедел іс-шаралар кешені жүргізілді. Оның ішінде тонаушының туыстарымен және айналасындағы жақын араласатын адамдармен байланыс жасалып, нәтижесінде күдікті қала аумағынан өз еркімен ұрланған ақшаны полиция органына әкелуге мәжбүр болды, – делінген хабарламада.

Жауап алу барысында ұсталған азамат жасаған әрекетіне өкініп, бұл қадамға спорттық құмар ойындар салдарынан ұтылысқа ұшырағаны және кезінде осындай құмар ойындар үшін алған 5 несие бойынша жинақталған қарыздарға байланысты барғанын айтып түсіндірді.

 Қазір күдікті уақытша қамау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама