×

«Ұлы дала жорығы»: шабандоздар 14 күндік марафонға аттанды

Биыл тұңғыш рет қыздардан құралған команда жарыс жолына шықты

 Ая Өміртай 06.09.2023 | 19:38
Фото: Halyq Uni

Бүгін «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің шабандоздары Астана қаласы іргесіндегі Қаражар ауылынан аттанды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Енді 100-ден аса шабандоз Қазақстанның киелі жерлерін аралап, елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты атпен жүріп өтпек. 

Жиынға қатысқан Amanat партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек марафон қатысушыларына сәттілік тілеп, шабандоздарды қолдау мақсатында алғашқы 50 шақырымға атпен ілесіп шығатынын жеткізді.

Атадан қалған жақсы сөз бар: «Түбіміз түркі, түбіріміз жылқы» деген. Қазір жылдан жылға ұлттық спорт дамып келе жатыр. Адамның жаһандануының өзі, ең алғаш қазақ даласында ат үйретуден басталғандығы айтылады. Қадірлі атқа мінген азаматтар, 19 қыркүйекте Түркістанның төрінде, қасиетті шаһарды көруге жазсын. Қазір өзім де сіздермен бірге алғашқы 50 шақырымды атпен жүріп өтемін, - деді Дәулет Кәрібек. 

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қауымдастықтың екі жыл қатарынар серіктес ретінде «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отырғандығын айрықша атап өтті. 

Ұлттық спортымыз ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден аса шабандоз қатысып жатыр. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандозға сәттілік тілеймін, - деді Исламбек Салжанов. 

«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей биыл екінші рет өтетін «Ұлы дала жорығы» жобасының маңызына тоқталды.

Өздеріңізге мәлім, былтыр «Ұлы дала жорығын» алғаш рет ұйымдастырып жатқанда қайта өткізуге уәде берген едік. Бұл жобаның өтуіне және жобаны ұйымдастырып, қолдап отырған Туризм және спорт министрлігіне, «Аманат» партиясына, Ұлттық спорт қауымдастығына және өзге де барлық атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін! «Ұлы дала жорығы» – өткен мен бүгінді жалғайтын, бүкіл ұлтты бір идеяға ұйыстыратын жобаға айналады деп сенеміз, - деді ол. 

19 КОМАНДА БЕС ОБЛЫСТЫ БАСЫП ӨТЕДІ

Ақмола облысының Қаражар ауылында басталған марафон 14 күнге созылады. Қатысушылар еліміздің 5 өңірі – Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Ұлытау облысы, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы 1300 км қашықтықты жүріп өтеді. Марафон Түркістан қаласында аяқталады. Жалпы, шабандоздар 12 аудан мен 52 елді мекенді аралайды. 

Қазірге дейін 19 команда жарысқа қатысуға өтінім берді. Белгілі бір себептермен, Атырау облысы қалыс қалды. Кеше мандаттық комиссия отырысы өтіп, ветеринарлық тексеру болды. Белгілі болғандай, аттардың барлығы жарысқа дайын. Шабандоздарға барлық жағдай жасалған. Арнайы шатырлар құрылып, ас-сумен қамтамасыз етіледі. Олар жатын орын бар автобустарда түнейді, - деп түсіндірді жобаның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ғани Дүйшенов

ЖҮЛДЕ ҚОРЫ – 65 МЛН ТЕҢГЕ

«Ұлы дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек жобаның іске асыру кезеңдері мен жүлде қоры туралы атап өтті. Оның айтуынша, марафонның жүлде қоры – 65 млн теңге.

Регламентке сәйкес, белгіленген қашықтықты бастан-аяқ ең аз уақытта жүріп өткен команда марафонның жеңімпазы деп танылады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен «Ұлы дала сарбазы» атағы беріледі. Жүлде қоры демеушілер қаражаты есебінен қарастырылған. Жобаны халықаралық аренада жоғары деңгейдегі халықаралық диалогтың бастамашысы ретінде жылжытуға толық негіз бар. Бұл жолы командалық стратегия өте маңызды. Уақыттан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады, – деді идея авторы Бақытжан Тұрлыбек.

5 ВЕТЕРИНАР МЕН 4 СУДЬЯ ҚАМТЫЛҒАН

Марафонға қатысу үшін халықаралық судьялар мен жоғары білікті ветеринарлар шақырылған. Жоба аясында барлығы 5 ветеринар мен 4 судья қызмет етеді. Олар аттың жағдайына қатысты диагноз қойып берген соң, әр команда ветеринарлары жануарға тиісті көмек көрсетіп отырады. 

Былтырғы марафон көрсеткендей, Маңғыстау мен Түркістан облысының командалары ветеринар қызметіне жүгінген жоқ. Бірақ жылқылардың дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Былтырғы қатысушылар негізгі талап-ережемен таныс. Ең бастысы ат дайындығы мен күтімі сапалы болуға тиіс. Біз үшін қатысушылардың барлығы мәреге аман-есен жеткені керек. Дәл былтырғыдай қатысушыларға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, - дейді бас ветеринардың бірі Ольга Гробер.

Оның айтуынша, жарысқа қатысатын жылқы 6 жастан асқан болуы керек. 2022 жылы өткізілген «Ұлы дала жорығы» көрсеткендей, марафонға қатысқан ат алғашқы күндері шаршап, жарыс жолынан шығып қалмас үшін әрбір кезең ішінде алты рет суару көзделген.

Адай жылқылары мен Қостанай жылқылары туралы ерекше айтқым келеді. Адай жылқылары жарыстарда жүлделі орынға ие болып жүр. Аталған марафон қазақ ұлттық жылқыларының жоғары деңгейде танытуға себепші болып отыр, - дейді халықаралық ветеринар Надежда Купцова.

ЖОРЫҚҚА ҚЫЗДАР ҚОСЫЛДЫ

Қатарынан екінші рет өтіп жатқан марафонның басты жаңалығы – биыл қыздардан құралған «Иманжүсіп» командасы алғаш рет жорықшылар қатарына қосылып отыр. 

Біз өзімізді сынап көрсек деп шештік. Өзімде жылқы жануарын ерекше жақсы көремін, атап айтқанда ат спортын. Бастапқыда біз топта бес қыз болуымыз керек еді, бірақ біреуі жолға шыға алмай қалды. Ат спортымен айналысып жүргеніме екі жылдай уақыт болды, бірақ командадағы қалған қыздар кәсіби конкур (ат үстінде кедергілерден өту – ред). Арамызда еңбек сіңірген жаттықтырушымыз да бар. Былтыр марафон өткенде кеш естіп қалғанымызға өкінген едік. Ал биыл аламан бәйгенің бір бөлігі болуға мүмкіндігіміз бар, - деді шабандоз Ләззат Ахметова Halyq Uni тілшісіне.

Ләззат өздерінің мұндай күрделі әрі ұзақ сапардан еш қорықпайтынын, жарысты өздері де шағын саяхат деп қабылдайтынын, басты мақсаты – мәреге жету екенін айтады. 

Айта кетелік, былтыр өткен жарыста Маңғыстау облысының құрама командасы бәйге марафонының жеңімпазы атанды, Жетісу облысының спортшылары ІІ орын, Түркістан облысының құрамасы ІІІ орын иеленді. 

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы, Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.

Жобаның басты серіктестері: «Аманат» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама