×

Журналист ажырасқан әйелдерді «қоғамның соры» деуінің себебін түсіндірді (ВИДЕО)

Баласының тағдырын ойламай, екі әулетті қайғыға салып отырған әйелдер болса, олар менен кешірім сұрасын, деді ол

 Халық үні 04.09.2023 | 20:52

Отандық ток-шоулардың бірінде ажырасқан әйелдерді «қоғамның соры» деп атап, басы дауға қалған журналист Меруерт Әйтенованың видеосы әлі күнге дейін қызу талқыланып жатыр. Атышулы қоғам белсендісі қазнетті шулатқан бейнежазбаға қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz

Меруерт Әйтенованың бұл пікірін желі қолданушыларының бір тобы жақтаса, енді бір легі даттап жатыр. Ол күйеуімен дәм-тұзы жараспаған әйелдерді не үшін «қоғамның соры» деп атағанын көпшілікке түсіндірді.  

«Ажырасқан әйелдер «қоғамның соры» деген – «қоғамның қайғысы» деген сөз. Ол біздің қайғымыз. Ол күлетін нәрсе емес, жылайтын нәрсе. Қазақстанда әйелдердің 70% жалғызбасты болуы, қамкөңіл балалалардың санын көбейту – ол қайғы. Мен оңтүстіктің қызымын. Менің әулетім былай тұрсын, менің облысымда, ауданымда ажырасу деген болған жоқ. Мен ажырасу дегенді түсінбеймін, – деді журналист.  

Журналист бұл сұхбатында «қоғамның соры» деп аталатын тізімге ажырасқан әйелдердің қайсысы жататынын анық тізбектеп берді. 

Бостан өзгеге ажырасып жатқан әйелдер. Мысалы, біреулер қалада тұрғым келеді дейді, бірақ жігіттің жағдайы жоқ. Көп ақша тап дейді, бірақ қазір оған жігіттің ыңғайы жоқ. Жоқ, мен 5 бала емес, бір түйір бала табамын дейді немесе мен ата-енеммен тұрмаймын дейді. Әртүрлі жағдай бар. Содан кейін мұның қатарына біреудің тәп-тәуір күйеуін ажыратып алып, өзіне күйеу ретінде қосылған әйелдерді де қосуға болады. Өзінің, баласының еркектің тағдырын ойламай, екі әулетті қайғыға салып отырған әйелдер болса, олар менен кешірім сұрасын, – деді Меруерт Әйтенова.

Басы дауға іліккен журналист әйелдің қандай жағдайда отағасымен ажырасу керектігін де ашық айтты.    

Егер де күйеудің қаны бұзылып кеткен нашақор болса, емдеуге келмейтін немесе бір ішкіш... Тіпті осы емдеуге келмейтін, хайуан боп кетті дейік. Өйткені оның аузы да хайуан болады да. Сондай жігіттер болса ажырасу керек, сосын белсіз жігіт болса ажырасу керек, – деді қоғам белсендісі. 

Меруерт Әйтенованың айтуынша, отбасылы еркектің өзге әйелге аңсары ауып, жұбайының көзіне шөп салса, оған да ер адамның келіншегі кінәлі екен.  

Міндетті түрде кінәлі әйел адам. Еркектің көңілі неге түзге қарай ауады? Солар аумау үшін бүкіл көңілді, бүкіл жағдайды еркекке жасауымыз керек. Әйел деген қырық шырақтымыз ғой. Біз неше түрлі дипломатия, құйтырқы жоспарларды ойлаймыз ғой. Сонда сол дипломатияны неге қойынымыздағы еркекке пайдаланбаймыз? Ақылдылық деген сол. Қулық деген ақыл ғой, – дейді атышулы журналист.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама