×

Алматы облысында жаңа оқу жылында 38 мектеп үш ауысымда білім береді

Облыста апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ

 Айгерім Таубай 31.08.2023 | 09:40
Фото: Halyq Uni

Алматы облысында жаңа оқу жылында 38 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұл туралы облыстың білім басқармасы Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Облыстағы жалпы білім беретін 425 мектепте 330 мыңнан аса оқушы білім алады. Жыл сайын  1-сыныпқа 37-40 мың бала қабылданады. Биылғы оқу жылында да 39 мыңға жуық бүлдіршінді мектепке қабылдау жоспарланған.

Облыстағы өзекті мәселенің бірі – үш ауысымды мектептер. Бұған дейін облыста 51 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген. Соған байланысты 2022 жылы 16 мектептің құрылысы басталған. Ол нысандар 15 750 балаға лайықталған. Бұл мектептер үш ауысымда білім беретін 14 мектептегі мәселені шешеді.

Қазірге дейін 9 мектептің құрылысы аяқталды. Олар: 1 қыркүйекте қолданысқа беріледі. Олар Қарасай ауданы Алмалыбақ, Іргелі орта мектептеріне қосымша 600 балаға арналған қосымша құрылыс, Қонаев қаласында 900 оқушыға лайықталған, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылына 1500 оқушыға лайықталған, Іле ауданы Көкқайнар, Боралдай, Междуреченск ауылына 1500 оқушыға лайықталған, Қарасай ауданы Қаскелең қаласында 1500 оқушыға лайықталған, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында  1500 оқушыға лайықталған мектептер, - делінген ресми ақпаратта.

Ал қалған 5 мектептің құрылысы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады, ал 2 мектептің құрылысы 2024 жылы да жалғасады.

1 қыркүйекте қолданысқа берілетін 9 мектеп үш ауысымда білім беретін 13 мектептің және оқушы орны тапшы бір мектептегі мәселені шешеді. Осылайша, жаңа оқу жылында 38 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Ал жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын 5 мектепті ескерген жөн, - деп жауап берді Алматы облысының білім басқармасы.

Ел бойынша «Жайлы мектеп» жобасы жұмыс істеп тұр. Бұл жоба бойынша 2023 жылы 26 мектеп, 2024 жылы 27 мектеп салу жоспарланған. Құрылыс бойынша конкурс өткізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама