×

«Өлгім келмейді»: үнді азаматына күйеуге шыққан әйел қазақстандықтардан көмек сұрайды

Айтуынша, күйеуі маскүнем, балалары азық-түліктен таршылық көрген

 Халық үні 29.08.2023 | 20:53
фото: pixabay.com

Үндістанның Калькутта қаласында тұратын үндіге күйеуге шыққан қазақ әйел қазақстандықтардан көмек сұрайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қарағандылық әйел жағдайының ауыр екенін айтып, «Немолчи» қоғамдық қорынан көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, кәмелетке толмаған 10, 3 және 1 жастағы үш баласымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Егер менің азғантай мүмкіндігім бар болса, Үндістаннан кетуіме көмектесіңіздерші. Менің бұл жерде өлгім келмейді. Балаларыма бақытта болашақ сыйлағым келеді. Күйеуім мені соққыға жығып, үйдің астаң-кестеңін шығарады. Егер еліме барсам, жұмыс істеп балаларымды аяққа тұрғызар едім, - дейді әйел.

Айтуынша, күйеуі маскүнем, балалары азық-түліктен таршылық көрген. Ешқайда аттап шығармайды. Үлкен қызына білім алуға рұқсат бермейді. Үлкен баласының визалық режимі жойылған, ал екі кіші баласының визасы жоқ.

Ол менің барлық жиған қаражатымды тартып алды. Күйеуге шыққанға дейін ешбір оғаш қылығы болмаған, - деп жазған әйел.

Сыртқы істер министрлігі бұған қатысты пікір білдірді. 

28 тамызда Қазақстанның Үндістандағы елшілігіне Қазақстан азаматшасы хабарласып, оған және оның 3 баласына елімізге оралуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Ол Үндістан азаматы болып табылатын күйеуімен бірге Калькутта қаласында тұрады. Азаматшамыздың айтуынша, оның күйеуі оған моральдық қысым жасайды, қаржылай шектейді және күш қолдану әрекетімен қорқытады. Жеке отбасылық жанжалдар аясында аталған әйел Қазақстанға оралуға ниет білдірді, - деді сыртқы істер министрлігінің баспасөз жетекшісі Айбек Смадияров.

Министрліктің айтуынша, отандасымыздың үлкен қызы ҚР азаматы, ал қалған екеуі – Үндістан азаматтары.

Үлкен қызынын Үндістан визасының мерзімі өтіп кеткен, бұл көші-қон заңнамасын бұзу болып саналады. Ал кіші екі баланы әкету үшін екінші ата-ананың заңды рұқсаты қажет. Қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, қазақстандық дипломаттар отандасымызға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның Калькуттадағы консулы құжаттар мәселесін шешу үшін көмек көрсетіп жатыр, - дейді Айбек Смадияров.

Министрлік айтуынша, мәселе Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің ерекше бақылауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама