×

Қазақстандықтар Конституция күнін атап өтіп жатыр

Елімізде Конституция екі рет қабылданды

 Айгерім Таубай 30.08.2023 | 09:00
Коллаж Halyq Uni

30 тамыз – Конституция күні. Биыл Ата заңға 28 жыл толды. Елімізде Конституция екі рет қабылданды. Алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді. Алайда 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат қазірге дейін қолданылады. Ата заң 9 тарау, 98 баптан тұрады.

БИЛІКТІҢ БІРДЕН-БІР БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ

Қабылданғанына биыл 28 жыл толған Ата заң «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталады.

Сондай-ақ Ата заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп көрсетілген.

Ал екінші бапта Қазақстанның президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екені айтылады. Сондай-ақ елдің астанасы Астана қаласы деп көрсетілген.

Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған.

Ата заңның 4-бабына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.

Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілген.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ МАҢЫЗЫ

Елімізде 2023 жылы Конституциялық сот құрылып, Эльвира Азимова Конституциялық сот төрағасы лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуде бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қарағанын айтты.

Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.

Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді. Жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады. Азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы едәуір жандана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді, - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістерді мына жерден оқуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама