×

Биыл 7 мың адам елден көшіп кеткен

Елімізде 300-ден аса босқын бар

 Дәурен Ерболат 29.08.2023 | 16:53
фото: Halyq Uni

Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстаннан 7 мың адам көшіп кетті. Бұл туралы ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл геосаяси ахуал нәтижесінде көші-қон саласында оң үдеріс байқалды. 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша оң үдеріс – 6 650 адам. Қазақстаннан шетелге 7 мың адам көшіп кетсе, сол мезгілде шетелден көшіп келгендер саны – 13 612 адам. Көшіп келгердердің басым бөлігі – еңбекке қабілетті, жас мамандар, - деді Ерболат Абулхатин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 359 пана іздеуші және 327 босқын бар. Сондай-ақ орынбасар ішкі көші-қон дерегіне тоқталды.

Жыл басынан бері 400 мыңға жуық адам ішкі көші-қон үдерісіне қатысты. Оның ішінде 182 мыңнан аса адам өңіраралық қоныс аудару үдерісіне өз үлесін қосты. Бұл адамдар мегаполистерге, оңтүстіктен солтүстік облыстарға көшіп келді, - деді ол.

Бұған дейін биыл 3 айда 200 мыңға жуық қазақстандықтың шетелге жұмыс істеу үшін кеткені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама