×

Екібастұз полицейлері балық аулауға кеткен 83 жастағы қарияны құтқарып қалды

Оның қызы полицейлерге жүгінген

 Динара Амантай 25.08.2023 | 13:49
Фото: news.1777.ru

Павлодар облысының полицейлері балық аулау кезінде инсульт алған қартқа көмектесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Шідерті кентінің тұрғыны полицияға балық аулауға кеткен әкесіне көмек сұрап жүгінген. Екібастұз қаласының полицейлері жедел іс-шара аясында ауыл тұрғынының орналасқан жерін анықтап, тұрғынды құтқарып қалған.  

Менің әкем – 83 жаста. Ол көлігімен балық аулауға кеткен еді. Жолда өзін нашар сезініп, инсульт алғаны белгілі болды. Әкем маған қоңырау шалып, алайда нақты орналасқан жерін айта алмады. Мен бірден «102» нөміріне қоңырау шалып, полициядан көмек сұрадым. Біздің ауылда адамдарды іздеу оңай шаруа емес. Біз өз күшімізбен әкемді таба алмас едік. Кезекші мені тыңдап, Шідерті кентіндегі кезекшіге қоңырауымды дереу жеткізді, – дейді Оксана Литвина.

Көмекке учаскелік полиция инспекторы Ерлан Қызылбаев пен Алексей Ладанов жолға шығып, екі сағат ішінде қиындыққа тап болған қарияны тауып, көмек көрсеткен. Павлодар облысының тұрғыны әкесіне көмектескен полиция қызметкерлеріне жедел қызмет көрсеткені үшін алғысын айтты.

Біз үшін ең маңызды міндет қарт адамды тауып, көмектесу болды. Бүгінде облысымыздың полицейлері «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында жұмыс істеп жатыр. Негізгі мақсат – халыққа көмек көрсету, – деп атап өтті Ерлан Қызылбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама