×

Сұлтанмахмұттың музейі: ақынға тиесілі бір зат жоқ (ФОТО)

Биыл ақынның туғанына – 130 жыл

 Айнұр Шошаева 21.08.2023 | 12:44
фотолар: Halyq Uni

30 жыл бұрын Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған жерінде мемориалдық музейі ашылған. Музейде өлеңнен басқа ақынға тиесілі жеке заты жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Биыл Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл болды. Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында ақынның мемориалдық музейі мен кесенесі бар. Кесене ақынның атымен аттас көлдің жағасында орналасқан. Айта кетейік, Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 8 қазанда дүниеге келіп, небәрі 27 жасында өмірден озды.

1958 жылы ақынның зиратының басына «С.Торайғыров» деген жазуы бар тас орналылып, металл қоршау қойылған. 1975 жылы бетінде рельефі бар жаңа тас ортанылды. 1993 жылы ақынның туғанына 100 толғанда қабірінің үстіне кесене салынды. Кесененің фризіне «Сұлтанмахмұт» деп ойылып жазылған. Кесенені күтіп ұстау мен айналасын абаттандырумен ауыл тұрғындары айналысады.

Мемориалдық музей де ақынның 100 жылдығына орайластырылып ашылған. Оны жасақтау 1965 жылы басталған: әуелі ауылдағы орта мектепте, одан интернат пен совхоз кеңсесінде орналастырылады. 1970 жылдан бастап басыбайлы ғимараты салынғанға дейін совхоздың мәдениет үйінде жұмыс істеген.

Демалыс күні музей ашық болғанымен, күзетшісі ғана бар екен. Жалпы музейде 6 адам жұмыс істейді. Кіру құны – 150 теңге, ал экскурсия бағасы 300 теңге.

Өзі кедей болған, дүние жимаған ғой, - деді күзетші.

Ғимараттың ішіне ақынның балалық шағы, туған ауылы, еңбектері, Баянауыл мен Тройцкіде білім алғаны туралы ақпарат беретін стендтер орналасқан. Сондай-ақ қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер бар.

Экспонаттардың басым бөлігі ақынның 100 жылдық мерейтойына Қазақстанның басқа өңірлерінен арнайы сыйға тартылғаны туралы жазылған екен. Белгілі болғандай, музейде Сұлтанмахмұттың өлеңдерінен басқа ақынға тиесілі жеке заттары жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама