×

«Заң алдында жауап береді». Ұлы оқушыны қағып өлтірген ақтөбелік депутат пікір білдірді

32 жастағы жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Халық үні 10.12.2021 | 16:51
скриншот: видео

Облыстық мәслихат депутаты Бүрихан Беркімбаев Ақтөбеде жаяу жүргіншілер өткелінде мектеп оқушысын қағып өлтірген ұлын ақтамайтынын айтты, деп хабарлайды diapazon.kz.

Қайғылы оқиға 3 желтоқсанда кешке қала орталығындағы жаяу жүргіншілер жолында болған. Сол күні 10 сынып оқушысы Әділет Бақытов әпкесіне барған. Жаяу жүргіншілер жолына бір-екі қадам қалғанда оны көлік қаққан. Оқушы оқиға орнында көз жұмған. Ал, көлік тізгінінде Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бурихан Беркімбаевтің 32 жастағы ұлы болған. Шенеунік ұлын ақтамайтынын, заң бойынша жазаланатынын айтты.

Көлік тізгінінде менің ұлым жүргізгені рас. Қайғылы оқиғаның ертесіне мен марқұмның отбасына көңіл айтып, жерлеу рәсіміне қатыстым. Ол (ұлы – ред.) кінәлі, заң алдында жауап береді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Мен ұлымды ақтап отырған жоқпын, қалай болғанын айтайын деп едім. Өйткені әлеуметтік желіде әртүрлі нәрсе жазылып жатыр, - деді ол.

Мәслихат депутаты ұлы кінәсін толық мойындағанын, заң бойынша жазаланатынын айтты.

Желіде жазып жатқандай, ол жерде жарыс болмаған. Менің балам жұмыс істейді, үш бала тәрбиелеп отыр, ол жерде қандай жарыс болсын. Апат болғаннан кейін ұлым ешқайда қашпады, бірден жедел жәрдем шақырды. Ол кінәсін 100 пайыз мойындап, заң бойынша жазаланатынын айтты. Мен марқұмның отбасын түсінемін, шығынның орнын ешкім толтыра алмайды. Мен жай ғана бұлай болғанын ешкім қаламағанын, бірақ ешкім одан қорғалмағанын айтсам деп едім. Бұл ешкімнің басына келмесін, - деп түйіндеді сөзін Бурихан Беркімбаев.

Ал, 15 жасында қыршын болған оқушының анасы анасы осы істің объективті түрде зерттелуін және жол апатына кінәліні заң аясында жазалауды сұрап үндеу жасады.

32 жастағы жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті екі көліктің жүргізушісінің жарыс ұйымдастырғанын растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама