Halyq Uni логотип
×

«G-Park 6 үйді рұқсатсыз салып жатыр»: Бір айда реттемелмесе Астана әкімдігі сотқа жүгінбек

Алайда салымшылар ақшасын сот арқылы ғана қайтарады

 Ербол Тұрымбет 18.08.2023 | 10:21
«G-Park 6 үйді рұқсатсыз салып жатыр»: Бір айда реттемелмесе Астана әкімдігі сотқа жүгінбек
Фото: Halyq Uni

Салымшыларға бастапқы жарналарын қайтарып бере алмай жатқан G-Park компаниясына қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді. Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасының мәлімдеуінше, салынып жатқан 6 үй бойынша заңбұзушылық анықтап, оны ретке келтіру жөнінде ұйғарым берген. Алайда ақшасын қайтара алмай жүрген азаматтарға қатысты еш қайран қыла алмайды.

Өйткені, азаматтық заңнамаға сәйкес, ақшаны қайтару мәселелері құрылыс салушы мен жеке тұлғалар арасында, оның ішінде сот органдары арқылы реттеледі. Астана қаласының әкімдігі мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы нысандарды аяқтау мерзіміне жауап бермейді және бақыламайды, өйткені бұл құрылыс салушының айрықша құзыреті.

Жалпы «G-Park» компаниялар тобының нысандарында сәулет-қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша тексеріс жүргізілген. Барлығы 13 тұрғын үй кешені бойынша жүргізілген тексеріс аясында алтауында құрылысты рұқсат құжаттарынсыз жүргізу дерегі бойынша заңбұзушылықтар анықталған («Вашингтон» ТК, «Женева» ТК, «Женева-4» ТК,  «Хельсинки» ТК,  «Мадрид-3» ТК, «Лиссабон» ТК).

Оның ішінде негізгісі, құрылысты тиісті жер құқығынсыз салған (тиісті нысаналы мақсаты бар жерге бірыңғай актінің болмауы). Тексеру қорытындысы бойынша күнтізбелік 30 күн ішінде сол заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген. Ұйғарым талаптары орындалмаса, басқарма сотқа талап-арыз түсіре алады. Ал құрылыс салушы рұқсат беру құжаттамасын екі ай ішінде заңға сәйкестеуді жоспарлап отыр.

Одан бөлек, Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы «G-Park» компаниялар тобын тиісті кепілдік беру шартынсыз не жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз үлескерлердің ақшасын тартуына байланысты «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» заңды бұзғаны үшін 8 нысан бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті рұқсаты болмастан үлескерлер ақшасын тартатын құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдататын заң жобасын әзірлеп жатыр.

«Сондай-ақ, «Мадрид-3», «Женева-1», «Дублин» және «Лиссабон-2» тұрғын үй кешендеріне қатысты құрылыс салушыға құрылыс-монтаждау жұмыстарын рұқсатсыз бастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, жол берілген заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Бұдан басқа, «Дублин» тұрғын үй кешені бойынша компания конструкцияларды бұзу туралы сот шешімін орындады және бүгінде сол нысан бойынша құрылысқа барлық рұқсат құжаттарын алды», – делінген әкімдіктің ресми жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін аталған компанияға үлескерлікпен кірген астаналық азаматтардың не үйлерін, не ақшаларын ала алмай жүргенін жазған едік. 

Бұдан бөлек, осы компания елорданың тағы бір тұрғынының жерін қайтармай қойғанын жариялаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама