×

Білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі

Республикалық семинардың 60 қатысушысы өз өңірінде тәрбие жұмысының тәлімгерлері болады

 Динара Амантай 17.08.2023 | 10:40
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Елордада Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Ы. Алтынсарин академиясымен бірлесіп, «Біртұтас білім беру бағдарламасы: құндылықтар және оларды қалыптастыру жоспары» атты республикалық семинар өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиынға республика педагогтері мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, білім басқармаларының өкілдері қатысты.

Семинарда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылында оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Министр балалардың бойына ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті сіңіру қажеттілігін айтты.

Бала тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттауымыз керек. Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту маңызды. Мектептердегі біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсаттарға жетудің тиімді құралдарының біріне айналады, – деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетсек, республикалық семинардың 60 қатысушысы өз өңірлерінде тәрбие жұмысының тәлімгерлері болады. Сондай-ақ екі күнге созылған шара аясында қатысушылар мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда әлеуметтік тәжірибені қолдану мәселелері бойынша пікір алмасып, жан-жақты үйлесімді дамыған және әлеуметтік тұрғыдан жауапты тұлға қалыптастыру үшін оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама