×

Таразда «ҰҚК қызметкері» 16 млн теңгені қолды еткен

Ол жәбірленушінің пәтерін жалға алған

 Динара Амантай 15.08.2023 | 13:13
Фото: polisia.kz

Таразда жергілікті тұрғынға өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырып, 16 млн теңгені алаяқтықпен иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараз қаласы полиция басқармасының Бірінші полиция бөліміне жергілікті тұрғын 2022 жылдан 2023 жылға дейін пәтерін жалға алған ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, алдау арқылы сеніміне кіріп, оның ақшасын пайыздық қарыз түрінде иемденгені туралы шағымданған.

Сонымен бірге, «ҰҚК қызметкері» оған ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін жүргізуге көмектесуге уәде берген. Келтірілген шығын 15 млн 936 мың 930 теңге болды.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері облыс орталығының 26 жастағы жұмыссыз тұрғынын анықтап, ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – делінген хабарламада.

Істің мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама