×

Ақтөбеде «Қазақстан ТРК» АҚ филиалының қызметкерлері сотталды

Олар коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды

 Динара Амантай 14.08.2023 | 16:05
фото: tengrinews.kz

Ақтөбеде «Қазақстан ТРК» АҚ филиалының қызметкерлері аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе қаласы №2 сотында қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдегені үшін айыпталған К., Е. және У.-ге қатысты қылмыстық іс (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) қаралды.

Сотта анықталғандай, 2018 жылғы ақпаннан 2021 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалының бас есепшісі, сатып алу жөніндегі маман-заңгер және есепшісі алдын ала сөз байласу арқылы бағдарламаларды түсіруге, іс-шараларды ұйымдастыруға, сурдоаударма жасауға, мерекелік бағдарламаларды өткізуге, дезинфекциялауға, декорациялауға байланысты қызметтерді көрсету бойынша жалған төлем операцияларын жасау жолымен жымқыру нәтижесінде акционерлік қоғамға 89 млн 93 мың 879 теңге сомасында материалдық залал келтірген.

Бас есепші мен заңгер тағылған айып бойынша өз кінәсін мойындамады, ал есепші ішінара мойындады.

Сот үкімімен сотталушыларға коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталғандардан жәбірленушіге келтірілген залал ортақ тәртіппен өндірілді, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама