×

MAЭК-тегі апат: Маңғыстау өңіріне төтенше жағдай енгізу қаралады

Тұрғындар жарықты үнемдеп пайдалануға тиіс

 Дәурен Ерболат 14.08.2023 | 15:05
Фото: inbusiness.kz

Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы (МАЭК) апатқа байланысты өңірде төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тұрғындар күніне 3-5 сағатқа электр энергиясынан ажыратылады. Ең үлкен шектеу өнеркәсіп орындарына енгізіледі.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, «МАЭК» ЖШС-інде электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы – 545 МВт. Алайда 2 электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы 245 МВт-қа дейін азайған.

Өңірдегі билік мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жедел штаб құрды.

Облыс елді мекендерін энергиямен тұрақты қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен уақытша ажырату әдісі енгізіледі.

Тұтынушылар үшін электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін өшіріледі, уақыты алдын ала хабарланып отырады.

«Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов ең бірінші әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мән берілетінін айтты. Үлкен шектеулер ірі кәсіпорындар үшін болады.

Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқа нысандарда жағдай қиын. Сондай-ақ ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз, - деді Қасымхан Сыздықов.

Жедел штаб отырысында ТЖ режимін енгізу туралы мәселе қаралды.

Төтенше жағдай енгізу туралы мәселе қаралып жатыр. Әзірше бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз. Өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Жағдай осылай болса, бізді жүйелік оператор – KEGOC АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт-қа дейін алуға көмектеседі, - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Бүгінде электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Оның айтуынша, «МАЭК»-тегі апат жойылғанға дейін өңір тұрғындары осы жағдайға түсіністікпен қарауға тиіс.

Тұрғындарды электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырамын. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні энергия блоктарының жұмысын тез қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Бүгін біз кезең-кезеңімен өшірудің ең жоғары жүктемелерін сынақтан өткізіп жатырмыз. Ертеңнен бастап тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін елді мекендерді ажырату кестесін алдын ала ұсынамыз, - деп түйіндеді сөзін Жұмабай Қарағаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама